Семей орманындағы өрт: жалын 60 гектар аумақты шарпыды
СЕМЕЙ. KAZINFORM — «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
— Сағат 14:50–дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге резерваттың мемлекеттік орман күзетінің 97 қызметкері мен 38 техникасы, Төтенше жағдайлар министрлігінің 158 қызметкері мен 22 техникасы, Ішкі істер министрлігінің 101 қызметкері мен 25 техникасы, сондай-ақ «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның екі тікұшағы, Қорғаныс министрлігінің Ми-17 және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ми-8 тікұшақтары жұмылдырылды, — делінген хабарламада.
Жалпы әуе техникасымен 82 рет су төгілді. Оның ішінде «Қазавиаорманқорғау» РМҚК тікұшақтары — 58 рет, ҚР Қорғаныс министрлігінің Ми-17 тікұшағы — 19 рет, ҚР ҰҚК-нің Ми-8 тікұшағы — 5 рет су төгу жұмыстарын орындады.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің ауданы шамамен 60 гектар. Өрт қарағайлы орман алқабында тіркелген, кей жерлерде төменгі өрт жоғарғы өртке ұласып жатыр.
Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Премьер-министр жағдайды жеке бақылауында ұстап отыр. Жауапты мемлекеттік органдардың басшылары сағат сайын жедел баяндама ұсынып отыр.
Еске салсақ, осыған дейін «Семей орманы» резерватында өрт шыққан соң лагерьдегі 200-ге жуық бала эвакуацияланғаны хабарланған.