Семей орманындағы өртті сөндіруге 769 адам мен 8 тікұшақ жұмылдырылды
АСТАНА. KAZINFORM – «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватындағы орман өртін сөндіру жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жалғасып жатыр, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Министрліктің мәліметінше, 17 шілде сағат 08:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге 769 адам, 191 бірлік жерүсті техникасы және 8 тікұшақ тартылған.
– Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Абай облысының әкімі Берік Уәли өрт аумағын тікұшақпен әуеден бақылап шықты. Жағдай тұрақты бақылауда, жекелеген түтін ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде, – делінген министрлік хабарламасында.
Түнгі уақытта өрт сөндірушілер өрттің бүкіл периметрі бойынша жұмыс жүргізіп, оның әрі қарай таралуына жол бермеу үшін шетін қоршап, сөндірген.
Таңертең жетуі қиын аумақтардағы өрт ошақтарын сөндіру үшін жаяу десант жіберіліп, әуе техникасының көмегімен су төгу жұмыстары жалғасқан.
– Қазіргі уақытта өрт ошағында ашық жану байқалмайды. Жекелеген түтіндеу ошақтарын сөндіру жалғасуда. Өрт басталғалы бері авиация арқылы 243 рет су төгіліп, жалпы көлемі 546 тонна су жеткізілді, – деп мәлімдеді Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Айта кетейік, бұған дейін Семей орманындағы өрт ошағына 291 тонна су төгілгені мәлім болды.