Семей полигоны маңайындағы радиацияға ұшыраған жердің нормаға келуі үшін кемінде 300 жыл керек- Мәжіліс депутаты Е. Рахметов
АНА. 18 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 29 тамызда "Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы" Жарлыққа қол қойды. Бұл тарихи Жарлыққа тек семейліктер ғана емес, барша Қазақстан халқы шын жүрегімен қуанды. 29 тамыз Қазақстан Президентінің бастамасымен Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің халықаралық күні болып жарияланды. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары қабылданды.
Семей ядролық сынақ аймағы жабылғанмен, оның адам баласына тигізер зардабы әлі біткен жоқ. Бұл мәселені зерделеп, Парламент мінберінен көтеріп жүрген азаматтың бірі - Ержан Рахметов. Ол - Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. Жуырда Мәжіліс депутаты Ержан Рахметов Семей сынақ аймағының жер аумағының жарамсыз екенін айтып, ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов мырзаның атына депутаттық сауал жолдады. Бұл мәселені депутат ҚазАқпарат тілшісіне жан-жақты түсіндіріп берді.
- Ержан Оразұлы, Сіз көтерген мәселе қалай туындады?
- Ұлттық ядролық орталығы ғалымдарының (ҰЯО) Семей сынақ полигонына қарасты жердің 95 пайызын халық шаруашылығының пайдалануына беру бойынша жұмыстың басталуы туралы ақпараты тарап кетті. Бұл мәлімет республика жұртшылығын, әсіресе, полигонға жақын өңірде тұратын халықтың ашу-ызасын келтіріп, наразылығын туғызды. Осы мәселе Қазақстанның барлық бұқаралық ақпарат құралдарында үлкен пікірталасқа ұласты. Бір жағынан ҰЯО ғалымдары, екінші жағынан халық және ғалымдар арасында қарама-қайшылық туды.
Тарихқа көз жүгіртсек, Семей ядролық полигонында бірінші жарылыс 1949 жылғы 29 тамызда, соңғысы 1989 жылғы 19 қазанда болды. Өткен жылдар ішінде полигонда 470 атом сынағы жүргізіліп, сол кездерде 606 ядролық жарылыс, оның ішінде әуеде 90, жер бетінде 26, жер астында 354 жарылыс жүргізілді. Олардың жинақталған тротилдiк баламасы 17,7 мегатонна болды! Жер бетіндегі және әуедегі ядролық жарылыстарға арналған қарулар 1963 жылға дейін шығарылды. Әуе мен жер бетінде жүргізілген 55 жарылыстың радиоактивті бұлттары және жер асты жарылыстың 69 газ фракциясы полигон шегінен тыс жерлерге тарады. Дәл осы 124 жарылыс Қазақстан аумағының шығыс бөлігін радиациямен ластады. Полигонда ядролық жарылыстан басқа химиялық жарылыс заттарын қолдана отырып, 175 жарылыс жүргізілді. Соңғы заряд 1995 жылғы 31 мамырда химиялық жару әдісімен жойылды.
Полигонның аумағы 18,54 мың шаршы шақырымды алып жатыр және Павлодар облысының 39 пайызын, Шығыс Қазақстан өңірінің 54 пайызын және Қарағанды облысының 7 пайызын иеленген.
-Жер-Анаға және сол аймақтың тұрғындарына келтірілген орасан зор зиян кезінде жасырын болды. Дегенмен қолдағы бар мәліметтер не дейді?
- Қырық екі жыл бойы Семей полигонындағы ядролық жарылыстар байтақ жерді жұт жерге айналдырып, табиғат пен адамдарға зиянды әсерін тигізді. Бүгінгі таңда полигонның аумағы да баяу әрекет ететін экологиялық бомба, жасырынып жатқан ошақ және әлі күнге дейін зерттелмеген қауіп секілді.
Жергілікті мамандар да, шетелдік мамандар да қандай да бір радиациялық сәулеге ұшыраған қазақстандықтардың жалпы саны жүз мыңдаған адамнан асып кетті деп есептейді. Олардың бағалауы бойынша Семей полигоны маңайындағы радиацияға ұшыраған жердің нормаға келуі үшін кемінде 300 жыл керек!
Осы фактілердің бәріне қарамастан, ҰЯО ғалымдары полигон аумағындағы барлық жерді жақын арада шаруашылық айналымына қайтару туралы идеялар көтеруде.
ҰЯО Бас директоры Қайрат Қадыржанов журналистерге берген сұхбатында: «Полигон аумағындағы жерді зерделедік. Ең бастысы: полигон аумағына шаруашылық жұмысты шектеусіз жүргізуге болады! Бұл тақырыпта ұзақ уақыт жұмыс істеп, өз идеямызды ұсындық - Семей полигонын 10 жыл ішінде 2-3 мың шаршы шақырымға бөліп, шаруашылық айналымына айналдырамыз. Полигон «өткен» болып қалады» деп бірнеше рет мәлімдеген болатын.
Алайда, тұрғылықты халық бұл хабарға қуанбады, қуанатын дәнеңе де жоқ. Басқа мемлекетте басқаша болар, бірақ Қазақстанда жер жеткілікті. Қазіргі кезде он мыңдаған құнарлы жер бос жатыр.
ҰЯО Радиациялық қауіпсіздігі институтының бұрынғы директоры, 40 жылдан астам еңбек өтілі бар эколог әрі метеоролог, радиациялық қауіпсіздік пен метеоролог саласындағы маман Лариса Денисовна Птицкаяның сөзін тыңдасақ, плутония-240 изотоптары табиғи жолмен 6 500 жылдан кейін, плутония-239 изотоптары 21 мың жылдан кейін ыдырайды. Ал плутония-241 ыдыраған кезде жаңа альфа-сәулесі түзіледі: америций-241, оның төндіретін қаупі жыл сайын тек өседі! Егер плутонияның бір бөлігі адам организміне түссе, сүйек тінінде 80 жыл, бауырда 40 жыл өмір сүреді екен. Барлық тірі жасушаларды өлтіріп, олардың табиғи қасиетін жойып, бұзуға әкеп соғады.
Ғылымда радиоактивті плутонияның радиоактивті затқа ауыстырудың бір ғана тәсілі бар: оның өз бетінше ыдырауы, ол ядролық физика заңына негізделеді. Бұдан басқа жол жоқ! Алайда, бұл ұзақ процесс.
- Полигонның жабылғанына 19 жылдан астам уақыт өтті. Алайда, оны бұрынғы полигон деп айтуға болар ма еді?
- Радиациялық жағдайды нашарлату факторлары өте көп. Бұрынғы полигон деген жоқ және болмайды да! Радионуклидтер жер асты суларымен топырақ бетіне шығады. Желмен көтеріліп, ұзақ жерге дейін жетеді. Радиоактивті ластану жел болған кезде 1000 есеге артады. Шаң-тозаңды жел болған кезде радиацияның көтерілуі бірнеше есеге артып кетеді. Осылайша, радионуклидтер адам организміне түсуі мүмкін. Полигондағы топырақ қабатының бұзылуына жол бермеу қажет. Егер топырақ бетінің ең жоғарғы қабаты бұзылатын болса, онда еш нәрсені қалпына келтіру мүмкін емес. Алайда, ең басты фактор - бұл антропогендік, яғни, адамның санкцияланбаған қызметі. Полигонның аумағы қазып тасталған. Нәтижесінде 15-20 тереңдікте жатқан нуклидтер көтеріліп, басқа жерге ауысады. Полигон шекарасындағы кез келген шаруашылық қызметке радиациялық қауіптің төнбеуі мүмкін емес.
Ондағы жерді қалпына келтіру іс жүзінде мүмкін емес. Оны ойдағыдай жүргізу үшін бір мезгілде шамамен екі миллион гектар жердің үстіңгі қабатының шамамен 25 сантиметрін сыпырып, жерге көміп тастау керек. Келесі рекультивация кезінде радиоактивтер басқа жерге ауысады, осылайша шексіз кете береді.
Ресей ғалымдарының да бірқатары Семей полигонына қарасты жерді қандай болмасын шаруашылық мақсатында пайдалануды мақұлдамайды. «Семей полигонындағы сынақ» атты 3 томдық кітап шығарған академик Михайлов өз ойын анық білдірді: «Біз полигонға қарасты жерді шаруашылыққа пайдалануға беруді ешқашан ойлаған жоқпыз!». Обнинск ғалымдары («Тайфун» ҮЕҰ) өз зерттеулерін жүргізіп, плутонияның бөлшегі желсіз де орын ауыстыратынын дәлелдеді!
Л. Птицикаяның пікіріне профессор, ғылым докторы, Томскідегі Ұлттық Зерттеу Политехникалық Университеттің Геоэкология және геохимия кафедрасының меңгерушісі, РФ еңбек сіңірген ғалымы Леонид Рихванов толығымен қосылады. Ол Қ.Қадыржановтың Семей полигонының тағдырына қатысты қазақстандық және ресейлік ғалымдар арасында толық пікірлестік туралы сөзін мүлдем жоққа шығарды және ол полигонға қарасты жерді шаруашылық айналымына беруге түбегейлі қарсы.
Дәл осындай пікірді Семей қаласындағы Радиациялық медицина және экология институтының бұрынғы директоры (ядролық полигон жұмыс істеп тұрған кезде КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің құпияланған № 4 Бруцеллезге қарсы диспансерді басқарған) Борис Гусев те қолдайды. «Полигонның барлық жері тізеге дейін тұнып тұрған плутония, - дейді ол, - бұл мәселені көтеру үшін кемінде тағы 50 жыл керек және ол да қажет болған жағдайда ғана болу керек. Халықтың өмірі мен денсаулығын қауіпсіздіктің нық кепілінсіз, тәуекелге тігуге болмайды, ешкімнің құқығы да жоқ.
2010 жылғы 24 қыркүйекте Семей қаласында ресейлік және жапондық ғалымдардың қатысуымен «Семей ядролық сынақ полигонымен шектесіп жатқан Қазақстан аумағының қазіргі заманғы радиоэкологиялық пен медико-демографиялық проблемалары және оларды еңсеру» деген тақырыппен өткен халықаралық симпозиум өтті. Оған қатысушылардың барлығы «Полигон жерін шаруашылық айналымына беру кешірілмес қателік болады, өйткені ол Қазақстан халқы үшін орнына келтіре алмайтын салдарға әкеп соғады» деген ортақ пікірге келді.
Полигон аумағынан мал өтсе де, радиоактивтер басқа жерге ауысады деген сөз.
- Дәл Семей полигоны секілді Невада аймағында да сынақтар жүргізілген ғой. Олар қандай ұстанымға келіп отыр екен?
- Невада Штатында полигонға қарасты жерді шаруашылық мұқтажына беру туралы мәселе ешқашан көтерілмегендігін атап өту қажет. Өйткені олар ең болмағанда, ластану деңгейін анықтау үшін және салдарды жою үшін нақты айқындайтын құрал жасауға уақыт керек екенін түсінеді. Сонда «Бүкіл ғаламшар бойынша ең алдында біз келе жатырмыз ба?» деген сұрақ туындайды. Осының барлығы халқымыздың мүддесі үшін бе?!
Қазіргі кезде республика бойынша қатерлі ісік ауруларынан өлім-жітімнің ең жоғарғы деңгейі осы өңірде болып отыр. Атап айтқанда, 100 мың адамға 159 өлімнен келеді. Алайда, Қазақстанда орташа көрсеткіш 111 адам деп көрсетеді.
Егер Қ.Қадыржановтың оппоненттерінің пкіріне назар аударсақ, полигон аумағында шаруашылық қызметті шектеусіз жүргізу нәтижесінде Қазақстанның бүкіл халқына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларының: бидайды, ұнды, жемді, көкөністерді, жеміс-жидектерді, етті, сүт өнімдерін, жүнді, теріні және тағы да басқа осы секілді тауарды тасымалдау арқылы (сату және экспорт) көршілес мемлекеттерге қауіп төнеді.
- Сіз Үкімет басшысына қандай ұсыныс жасадыңыз?
- Осы ойларымды айта келіп, Кәрім Қажымқанұлына бұл мәселе бойынша кешенді зерделеу жүргізу және ұсынымдар әзірлеу керектігін жеткіздім. Ол үшін құрамына ғалымдарды, медицина қызметкерлерін, экологтарды, Парламент депутаттарын, жұртшылық және БАҚ өкілдерін, Семей қаласындағы радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты мамандарын енгізе отырып, кеңейтілген Үкімет комиссиясын құруды сұрап отырмын. Еліміздің Премьер-Министрі бұл ұсынысқа оң көзқараспен қарап, қолдау білдіреді деген сенімім бар. Өйткені бұл - әрі мемлекеттік, әрі халықтық аса мамызды мәселе. Осы депутаттық сауалды қолдап 30-дан астам әріптестерім қол қойды.
- Өзекті мәселені қозғап, толымды пікір білдіргеніңізге рақмет. Депутаттық қызметіңіз абыройлы бола берсін.