Семей полигонымен байланысты қауіптер әлі жойылған жоқ - Н.Әбіқаев
АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Семей полигонында соңғы жылдары байқалған жағымсыз жағдайлардың бірі тектоникалық және техногендік сипаттағы сейсмикалық қауіппен байланысты болып отыр»,
деді бүгін Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұртай Әбіқаев. Бұл туралы ол бүгін Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының Семей полигонындағы жағдайды оңалту мәселесі бойынша резолюциясының орындалуына байланысты өткен дөңгелек үстел отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Н.Әбіқаевтың сөзіне қарағанда, Семей аймағындағы полигонның зардаптарын жою мақсатында атқарылуы тиіс мәселелер әлі жетерлік. «Бұл бағытта қазір ядролық материалдардың заңсыз тарап кетуінің алдын алу кезек күттірмес мәселелердің бірі болып отыр. Сондай-ақ бізге қазір осы материалдардың лаңкестік мақсаттағы әрекеттерге қолданылуының алдын алу мақсатында тиісті қауіпсіздік шараларын ойластырып, қолданысқа енгізу қажет. Өкінішке орай, қазір аймақтағы радиоактивті заттармен ластанған жерлер де толық белгіленген жоқ. Сондай-ақ онда шаруашылық бағыттағы жұмыстар да толық қалпына келтірілмей отыр. Егер бұл бағыттағы жұмысты жеделдетіп реттемесе радиоактивті заттар қайта тарауы мүмкін» деді министрдің бірінші орынбасары.
Сондай-ақ ол сөзінде полигон аймағында адамдар өлімінің деңгейі әлі жоғары қалпында қалып, ифрақұрылымның даму қарқыны төмен екендігін атап өтті. Ал ірі инвестициялық жобалар онда жоққа тән. Қазіргі таңда аймақта қолданылып отырған мемлекеттік, аймақтық және салалық бағдарламаларға қарамастан халықаралық көмек аз және олар аймақтың мәселесін түбегейлі шешуге ықпал ете алмауда.