Семей тарихи-өлкетану мұражайының есепшісі қаржы жымқырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды
АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мемлекет қаржысын талан-таражға салу, немесе оны жымқыру әрекеттері мәдениет саласында да жетерлік. Биылғы жылы аталмыш салада 115 қылмыстық іс қозғалып, оның 85-і сотқа жолданған.
Бұл мәселе жөнінде бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның сөзінше, Семей қаласының тарихи- өлкетану мұражайының бас есепшісі Ш.Нұртазина 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол жалған есеп-фактуралар арқылы өзіне сеніп тапсырылған 7 миллион теңгені жымқырған. «Көріп отырғандарыңыздай, мұндай қылмыстардың басым көпшілігі белгілі бір мекеме, немесе кәсіпорынның лауазымды қызметкерлері арқылы жасалады», дейді ресми өкіл. Ол келтірген тағы бір мысал бойынша, Павлодар облысында да осындай оқиға орын алған. Екібастұз қаласындағы №12 мектептің директоры өзінің орынбасары мен есепшісімен ымыраласып, 2007-2008 жылдары жұмыс істемейтін тұлғаларға жалақы жазу арқылы жалпы сомасы 3,5 миллион теңгені ұрлаған. Ал Оңтүстік Қазақстанда Арыс қаласы әкімшілігінің құрылыс бөлімінің бастығы мектептің құрылысына бөлінген 13 миллион теңгені жымқырған. «Сондай-ақ Атырау облысында ақыл-есі кем балаларға арналған мектеп-интернатының директоры мен бас есепшісі және кассирі бірігіп, 2008-2009 жылдар аралығында жалған тәбіл жасау арқылы 368 мың теңгені қалталарына салыпты», деді М.Жұманбай.