Семей тұрғыны «өрттен 18 адам қаза тапты» деген жалған ақпарат таратқаны үшін жазаланды

СЕМЕЙ. KAZINFORM - Абай облысында сот өрт кезінде қаза тапқандар туралы жалған ақпарат таратқан әйелді жауапқа тартты.

фэйк
Фото: Kazinform

2026 жылдың 3 наурызында Семей қаласындағы «Balapark» балалар ойын-сауық орталығында өрт шыққан болатын. Төтенше қызметтердің жедел іс-қимылының арқасында адам шығыны болған жоқ.

Алайда Семей қаласының тұрғыны Instagram желісіндегі қалалық пабликтердің бірінде өрт салдарынан 18 адам қаза болды деген жалған ақпарат жариялаған.

Абай облысы прокуратурасының мәліметінше, мұндай жалған ақпараттың таралуы тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызып, қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкелуі мүмкін болған.

Құқық бұзушының кім екені жедел анықталып, оған қатысты әкімшілік іс қозғалған. Сот отырысы барысында әйел өз кінәсін мойындады.

Сот қаулысымен ол жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 86 500 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Абай облысының прокуратурасы төтенше жағдайлар кезінде жалған ақпарат таратуға жол берілмейтінін және мұндай әрекеттерге барғанда заң аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда жаңа Конституцияға қатысты фейк таратқан тұрғын жазаланғаны хабарланған.