«Семей Водоканал» тұтынушылардың 479 млн теңгесін қайтарады
АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысында су беру және сарқынды суларды бұру қызметтеріне тарифтер төмендетіліп, тұтынушыларға шамамен 479 млн теңге қайтарылады. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитеті хабарлады.
2024 жылға арналған тарифтік сметалардың орындалуына жүргізілген талдау нәтижесінде «Семей Водоканал» МКК тарапынан бекітілген тарифтік сметалардың 479 млн теңгеге жуық сомаға орындалмағаны анықталды.
Тексеру барысында су беру қызметі бойынша тарифтік сметаның орындалмау сомасы 375 191,25 мың теңгені, ал сарқынды суларды бұру қызметі бойынша 103 706,93 мың теңгені құраған. Анықталған бұзушылықтардың жалпы көлемі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемесін ескере отырып, 478 898,18 мың теңгеге жетті.
- Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаражатты тарифтік реттеу тетігі арқылы қайтару мақсатында 2026 жылғы 11 ақпандағы № 7-ОД және № 8-ОД бұйрықтарымен 2026 жылғы 1 сәуірден бастап бір жыл мерзімге уақытша өтемдік тариф бекітілді.
Су тарату желілері арқылы су беру қызметі бойынша тариф 11,78%-ға төмендетіліп, 198,90 теңге/м³-тен 175,48 теңге/м³-ке дейін азайтылды. Сарқынды суларды бұру қызметі бойынша тариф 7,08%-ға төмендетіліп, 137,40 теңге/м³-тен 127,67 теңге/м³-ке дейін қысқартылды, - делінген ақпаратта.
Аталған факт бойынша «Семей Водоканал» МКК-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабы 4-бөлігіне сәйкес екі әкімшілік құқық бұзушылық ісі қозғалды. Нәтижесінде кәсіпорынға 13 840 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Айыппұл сомасының 50%-ы жеті тәулік ішінде ерікті түрде төленуіне байланысты іс қолданыстағы заңнамаға сәйкес қысқартылған тәртіппен қаралып, төленген қаражат мемлекеттік бюджет кірісіне аударылды.
Айта кетейік, Президент 1 қыркүйекке дейін теміржол саласындағы жаңа тариф саясатына қатысты шешім қабылдауды тапсырды.