Семей ядролық қауіпсіздік аймағының шекарасы толық белгіленді

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 28 тамызда бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағында Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жергілікті жерде шекараларын белгілеуді аяқтайтын соңғы шекаралық белгі орнатылды. 

Семей ядролық қауіпсіздік аймағының шекарасы толық белгіленді
Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Сергазин, Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Мұқанов, Май ауданы әкімінің орынбасары Әділет Сыздықбаев, «Мемлекеттік корпорация «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қарқынбаев және «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының міндетін атқарушы Сергей Локштанов қатысты.

Семей ядролық қауіпсіздік аймағының шекарасы толық белгіленді
Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Соңғы шекаралық белгі орнатылған жерде Қазақстанның ядролық сынақтардың салдарын жою және бұрынғы полигон аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша көпжылдық жұмысына арналған естелік белгі де ашылды.

— Семей ядролық қауіпсіздік аймағын қалыптастыру — бұрынғы полигон аумағына қатысты мемлекеттік саясаттың түбегейлі жаңа кезеңі. Бүгінде біздің міндетіміз — аумақтарды тәуекел деңгейіне қарай нақты бөлу: қауіпті учаскелер мемлекет тарапынан сенімді бақылауда қалуы тиіс, ал қауіпсіздігі ғылыми зерттеулермен расталған жерлер кезең-кезеңімен шаруашылық айналымға қайтарылуы қажет, — деп атап өтті Ғұмар Сергазин.

Семей ядролық қауіпсіздік аймағының шекарасы толық белгіленді
Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

- Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін Қазақстан оның аумағын қауіпсіз жағдайға келтіру бойынша ауқымды жұмыстар кешенін жүргізді. Сынақ инфрақұрылымы жойылды немесе қауіпсіз жағдайға келтірілді, ядролық қаруды таратпау саласында ірі жобалар іске асырылды, радиациялық ахуалға зерттеулер және ауданы 18 мың шаршы километрден асатын аумаққа кешенді радиоэкологиялық зерттеу жүргізілді, - делінген хабарламада.

Бұл жұмыстың ғылыми-техникалық негізін Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы қамтамасыз етті. Көпжылдық зерттеулердің нәтижелері аумақтың қазіргі радиоэкологиялық жай-күйі туралы объективті деректер алуға және оны одан әрі пайдалану тәсілдерін айқындауға мүмкіндік берді.

Семей ядролық қауіпсіздік аймағының шекарасы толық белгіленді
Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Маңызды кезеңдердің бірі 2023 жылы «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң қабылданды. Аталған заң бұрынғы полигон аумағын басқарудың жаңа тәсілінің құқықтық негізін қалыптастырды.

- Кешенді экологиялық зерттеу нәтижелері бойынша Семей ядролық қауіпсіздік аймағының шекаралары айқындалды. Оның құрамына радиациялық қауіптер сақталатын және пайдаланудың арнайы режимін талап ететін, жалпы ауданы шамамен 8,3 мың шаршы километр аумақтар кіреді. Сонымен қатар, халыққа радиациялық қауіп төндірмейтін, зерттелген шамамен 10 мың шаршы километр жер кезең-кезеңімен шаруашылық айналымға енгізілуі мүмкін, - делінген агенттік хабарламасында.

Семей ядролық қауіпсіздік аймағын қалыптастыру бұрынғы полигон аумағын одан әрі оңалту үшін негіз болады және Абай, Павлодар және Қарағанды облыстарының тиісті аумақтарын әлеуметтік-экономикалық дамытуға жағдай жасайды. 

Айта кетелік Семей полигонының жабылғанына 35 жыл: Президенттік орталықта арнайы көрме ашылғаны туралы жазған едік