Семей жылқыларының саумалы енді құрғақ сүт түрінде Еуропаға экспортталады

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Семей жылқыларының саумалы енді құрғақ сүт түрінде Еуропаға экспортталады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Инжиниринг және технологиялар трансферті» АҚ Басқарма төрағасы Саят Нүсіпов мәлім етті.

Семей жылқыларының саумалы енді құрғақ сүт түрінде Еуропаға экспортталады

«Бүгінде барша әлем жылқы саумалының өте шипалы өнім екенін біледі. Яғни Қазақстандағы жылқы сүті Францияға қарағанда алдеқайда арзан. Атап айтқпанда Францияда бір жылқыны бағып-қағуға көп қаржы жұмсалады. Осы тұрғыдағы бәсекелестікте бізде елеулі басымдық бар»,-деді ол.

«Алайда, бүгінде бұл бағытта еуропалық стандарттар бар. Оның талабы бойынша жылқының саумалын өндірудің өзіндік санитарлық стандарттары бекітілген. Осы орайда біз сублимациялық әдіспен құрғатылған жылқының сүті бойынша жобаны іске асырудамыз және бұл жобаны аяқтауға жақынбыз»,-деді басқарма төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, бұл жоба 100 пайыз экспортқа негізделген. Бүгінде осы өнімге Еуропа, Қытай, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірлігі қызығушылық танытып отыр.

«Бүгінде бізде қымыз күйінде сатылып жүрген жылқы сүті, еуропалық елдердің нарығында 10 есе қымбат сатылатын болады»,-деді С. Нүсіпов.

Аталған құрғақ сүтті өндіруге арналған кәсіпорын Семей өңірінде орнатылуда. Қазіргі кезде сауылатын 300 бие іріктелініп, байланып отыр. «Алғашқы экспорттық жеткізілімдер алдағы жылы іске асырылады. Бүгінде зерттеу, нарықты дайындау, сараптамалық жұмыстар, келіссөздер жүргізу шаралары атқарылуда»,-деді басқарма төрағасы.

Атап айтқанда, сонымен қатар құрғақ сүт Еуропа елдерінде фармацевтикада, биомедицинада, косметалогияда және басқа да бағыттарда пайдаланылады.