Семейде Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Семейде БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир бастау алды, деп хабарлайды Абай облысының әкімдігінің баспасөз қызметі.

Семейде Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир басталды
Фото: Абай облысының әкімдігі

Семейдегі «Спартак» стадионында БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан белгілі журналист, көрнекті спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир басталды.

Жарысқа еліміздің 6 облысы мен 4 қаласынан 12 команда (Qazaqstan tv (Астана қаласы), «Абай облысы» (Абай облысы), Aqmeshit (Қызылорда облысы), Атырау (Атырау облысы), Kazmedia (Астана қаласы), Qareket (Жетісу облысы), «Семей» (Семей қаласы), Сетанта (Алматы қаласы), Тараз Пресс (Жамбыл облысы), Хабар (Астана қаласы), Шымкент (Шымкент қаласы), Bek sport (Астана қаласы) қатысып жатыр.

Семейде Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир басталды
Фото: Абай облысының әкімдігі

Амангелді Сейітхан атындағы «Seitkhan cup» республикалық турнирі 2022 жылы басталып, жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Турнир бұған дейін төрт рет Алматы қаласында өтті. Биыл тұңғыш рет тұлғаның туған жерінде тұңғыштар мекені, Алаштың астанасы — Семей қаласында ұйымдастырылып отыр.

Амангелді Сейітхан — қазақ спорт журналистикасын жаңа биікке көтерген, эфир мәдениетін қалыптастырған, тұтас бір буынға үлгі болған қайраткер тұлға. Еңбек жолын 1991 жылы «Спорт» газетінде бастап, кейін қазақ телевизиясының тарихында алтын әріппен жазылған жарқын белестерге жетті.

Семейде Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир басталды
Фото: Абай облысының әкімдігі

Футболдан 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды. Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті. Өмірінің соңғы күндеріне дейін футзалдан БАҚ өкілдері арасындағы БАҚ лигада әріптестерімен доп тепті.

Осыған дейін футболдан Қазақстан кубогының ¼ финалына шыққан барлық команда анықталды.