Семейде баласына 5 млн теңге алимент төлемеген ер адам сотталды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласында ұзақ уақыт бойы баласына алимент төлемей келген ер адам 1 жылға бас бостандығынан шектелді.
Абай облысында кәмелетке толмаған баласына алиментті өндіру туралы сот шешімін ұзақ уақыт орындамаған Семей қаласының 38 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталды.
– Сот актісіне сәйкес, ер адамнан ай сайын табысының 1/4 бөлігі көлемінде алимент өндіру белгіленген. Алайда ол бұл міндеттемелерді орындамай келді. 2020 жылдан бергі қарыз сомасы 4 911 189 теңгені құрады. Оның әрекеті Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабына сәйкес сараланды, - деп хабарлады облыстық полиция департаментінен.
Сот айыпталушыны 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына тартып, пробациялық бақылау белгіледі. Сондай-ақ ол баласына алимент төлеуге міндеттелді.
Тұрақты жұмысы болмаған жағдайда, сотталушы жыл сайын 100 сағат көлемінде мәжбүрлі еңбекке тартылады.
Еске салсақ, осыған дейін Шымкентте алимент төлемеген 119 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланған.