Семейде екі бала суға батып кетті
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семей қаласында Ертіс өзеніне екі бала батып кетті. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға Нахаловка ауданында болды.
Ертіс өзенінде шомылып жүрген 11 және 10 жастағы екі бала суға батып кетті. Балалардың денесін құтқарушылар алып шықты. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
— Полиция қызметкерлері су айдындарында профилактикалық рейдтерді жалғастырып жатыр. Ерекше назар су жағасында ересектердің қарауынсыз жүрген балаларға және шомылуға арналмаған орындарға аударылған, — делінген ақпаратта.
Осы ретте, тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларын су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға және олардың қайда, кіммен жүргенін үнемі бақылап отыруға шақырды. Бірнеше минутқа қараусыз қалдырудың өзі орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы үш адам суға батқаны хабарланған.