Семейде «Хиросима Бейбітшілік тасы» монументі орнатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Семейде Ядролық қарудан бас тарту күніне орай жыл сайынғы дәстүрлі шаралар легі өтті. Солардың ішіндегі ең маңыздысы - Түйемойнақ аралындағы «Бейбітшілік акциясы». Аталған шара аясында аралда Хиросима тасы орнатылған монумент ашылды.
None
None

Мерекелік шаралар легін Семейі Мемлекеттік медицина университетінде өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция бастады. Биыл он бірінші рет өтіп отырған ғалымдар басқосуы «Экология. Радиация. Денсаулық» деп аталады. Мұнда аймақтың экологиялық проблемалары талқыланып, ядролық сынақ зардабын әлі күнге дейін тартып келе жатқан тұрғындарды емдеу мәселесі сөз болды. Сонымен қатар, университет қабырғасында соңғы заманауи технологиямен жабдықталған жапон кабинеті ашылып отыр.

Мұнан кейін қала қонақтары мен жергілікті тұрғындар Түйемойнақ аралына барып, «Өлімнен де күшті» монументінің алдында жыл сайын өтетін «Бейбітшілік акциясына» қатысты. Қырық жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтардың құрбандарын еске алуға аралға ғалымдар, халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері және жергілікті 15 мыңдай тұрғын келді.

- Бейбітшілік идеясын жүзеге асырып, әлемді қарусыздандыру үшін ең алдымен ядролық қарудың адамгершілікке жат екенін түсіну және қалыптастыру керек. Ол үшін нақты шаралар қолданған жөн. Мәселен, әрбір елдің ядролық әлеуетіне қатысты мәселеде ашықтыққа қол жеткізу, ядролық қарудың адамзатқа орны толмас қасірет әкелетінін әлемдік қауымдастыққа түсіндіру секілді жұмыстар, - дейді Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және уәкілетті елшісі Камахара Масаёси ел алдында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қазақстан мен Жапония Нью-Йоркте ядролық сынақтарға жаппай тыйым салатын келісімді жүзеге асыруға арналған IX конференцияға төрағалық етеді.

- Аталған конференцияда екі мемлекет те ядролық қарусыздану идеясын алға тартатын болады. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бекітілген Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн үшін алғысымды білдіремін. Ядролық қаруды залалсыздандыру және таратпау саласына келгенде Қазақстан мен Жапония ең мықты серіктес ел болып табылады. Ендеше, біз бірігіп, әлемдік қауымдастыққа осы идеямызды ұсынуымыз қажет, - деп атап өтті жапон елшісі.

«Хиросима Бейбітшілік тасы» Семейге Жапониядан жеткізілді. Оның салмағы - 50 келі және биіктігі - 3 метр. Күншығыс елінің билігі бұл сыйды бейбітшілікті насихаттап келе жатқан елдерге тарту етеді. Семей болса осындай құрметке ие болған әлемдегі 108-ші қала.

Соңғы жаңалықтар