Семейде кәсіподақ комитеттері төрағаларының қалалық семинары өтті
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Семейде «Әлеуметтік серіктестік - кәсіподақ комитеті мен әкімшілігі жұмысының негізі» атты кәсіподақ комитеттері төрағаларының қалалық семинары өтті.
Бұл туралы Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің ақпараттық секторынан хабарлады
Іс-шараны Семей қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті ұйымдастырды. Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің қызметкері Юрий Осьмаков семинар қатысушыларына білім беру қызметкерлерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауда жемісті еңбек тіледі. Қалалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Жанат Құсайынова: "2012 жылды қорытындылап, 2013 жылға жоспар құруда біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпы Еңбек Қоғамына 20 қадам» бағдарламасында көрсеткен міндеттерге негізделеміз. Бұл құжаттар біздің болашақтағы бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Ұжымның жұмысының сәттілігі мемлекеттік мекеме мен қоғамдық ұйымның әлеуметтік серіктестігіне байланысты. Біз - ұстаздар мемлекеттік тапсырысты орындаймыз. Ұрпақтың болашағы тікелей біздің өз міндеттерімізді атқаруымызға байланысты", - деді өз сөзінде.
Айта кетерлік жайт, қазіргі кезде қалалық кәсіподақ комитетінің 106 кәсіподақ ұйымында 7491 мүше бар. «Ұжымдық келісім-шарт жасаңыз» атты республикалық акцияға қатыса отырып, қаланың барлық 106 бастауыш кәсіподақ өз жұмыс берушілерімен ұжымдық келісім-шарттар бекітті.
Қалалық семинар барысында № 9 орта мектебінің әкімшілігі мен кәсіподақ комитеті өз тәжірибелерімен бөлісті.