Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Семейде қатты жел салдарынан электр тасымалдау желілері үзіліп, 16 ғимараттың шатыры бұзылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Семей қаласында секундына 20 метр жылдамдықпен соққан жел, онымен бірге болған жауын-шашын салдарынан электр тасымалдау желілері үзіліп, 16 ғимараттың шатыры бүлінді, қаланың жекелеген учаскелерінде жаңбыр суы жиналды.

Семейде қатты жел салдарынан электр тасымалдау желілері үзіліп, 16 ғимараттың шатыры бұзылды (ФОТО)

Бұл туралы қалалық ішкі саясат басқармасынан хабарлады.

Шығыс Қазақстан облысы мен Семей қаласының әкімдіктері шұғыл жағдайда электр желілері, электр жарығын берудегі апат салдарын жою, суды сорғылау жұмыстарына кірісті.

Сағат 20:00-де қала әкімі А.Кәрімовтің төрағалық етуімен қалалық штабтың отырысы болып өткен. Қала басшысы әрбір жетекшінің қабылданған және қабылданып отырған шаралар туралы есебін, аталған проблемаларды жедел шешу бойынша ұсыныстарын тыңдап өтті. Ең бастысы, белгілі болғандай, табиғи апат салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер болған жоқ.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтің тапсырмасымен қалаға облыс әкімінің орынбасары Д.Гариков келіп жетті. Сағат 23:30-да оның төрағалығымен штабтың кезекті отырысы өтіп, одан кейін штаб мүшелері жөндеу-қалпына келтіру барысымен танысу мақсатында апат және су басу орындарына шықты.

Электр тасымалдау желілерінің үзілуі салдарынан қалада 57 мың 184 абонент уақытша жарықсыз қалғанын атап өту керек.

Қаланың сол жағалау бөлігінде ғана 34 мың абонент жарықсыз қалды. Бұған ғимараттың металл жамылғысының жұлынуы мен оның жекелеген бөліктерінің электр тасымалдау желілеріне құлауы себеп болды.

Сағат 00:00-де апат орнына бару кезінде онда АЭС мамандарының апат салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатты. Желі басқармасының бастығы А.Карповтың айтуынша, қалпына келтіру жұмыстарын жедел өткізу үшін барлық қажетті ресурстар мен материалдар бар.

Қаланың коммуналдық қызметтері жаңбыр суы жиналған жерлерде суды сорғылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көлік өтетін жолдар құлаған ағаштардан босатылды. Көлік қозғалысы қалпына келтірілген.

Апат салдарын жою жұмыстарына 200-ге жуық адам мен коммуналдық және ТЖ қызметтерінің 51 техникасы жұмылдырылған.