Семейде мас күйінде көлік апатын жасаған жүргізуші 1 млн. теңгедей айыппұл төлейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 3 қазанда «Тойота Ленд Крузердің» мас жүргізушісі жол үстінде жергілікті ТЖБ-ның УАЗ көлігін, кейін қарсы келе жатқан «Мерседесті» соққан. Жол-көлік апаты салдарынан екі адам жарақат алды, деп хабарлады YK-avto.kz.
ШҚО ІІД ақпаратынша, оқиға Интернационал және Дулатов көшелерінің қиылысында орын алды.
- 52 жастағы «Тойота» жүргізушісі көше қиылысында жолда жүру ережесін бұзып, алдымен қалалық ТЖБ қызметтік көлігін, «Мерседесті» соқты, - деп хабарлады ШҚО ІІД баспасөз қызметінен. - Соқтығыс салдарынан барлық көлікке зақым келді. УАЗ жүргізушісі мен неміс көлігінің жолаушысы жарақаттанды. Жол талғамайтын көліктің жүргізушісі мас екендігі анықталды. Атап өту керек, екі жыл бұрын оны мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырған.
«Енді ол 500 АЕК (991 000 теңге) көлемінде айыппұл төлейді немесе үш жүз сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартылады, немесе 90 тәулікке қамалады», - делінген ведомство хабарламасында.