Семейде мектеп оқушысын соққыға жыққан жеткіншектердің ата-аналары жауапқа тартылды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мектеп оқушысын соққыға жыққан жеткіншектердің ата-аналарына қатысты үкім шығарды.

Сот шешімімен олар ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамауының әкімшілік жазаға әкеліп соғуы бабы бойынша кінәлі деп танылды.
Ата-аналардың бірі бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Төртеуіне 78 640 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
- Ата-аналар балаларының мінез-құлқын, жүріс-тұрысын дұрыс қадағаламаған. Сот шешім шығарарда барлық мән-жайды ескерді, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Еске салсақ, ақпан айында Семейде жасөспірімдер алтыншы сынып оқушысын соққыға жыққаны хабарланған.
Зардап шеккен балаға қазақстандықтар пәтер алып берген еді.
Кейін Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оқушыны соққыға жыққан жасөспірімдерді арнайы мектептерге жіберуге қатысты істі қараған.