Семейде өзенге құлаған көліктен бір адамның денесі шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Семейде іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.

құтқарушылар
Фото: Видеодан скриншот

Бүгін таңғы сағат 06:00–де Семей қаласында, Ертіс өзенінің жанындағы Бейбітшілік аралында жеңіл автокөлікпен жүргізуші бетон қоршаумен соқтығысып, өзенге құлап кетті. Апат кезінде салонда 4 адам болған.

— Жолаушылардың бірі көліктен өздігінен шығып, жағаға жүзіп шықты. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ, — делінген хабарламада.

Оқиға туралы хабарлама келіп түскеннен кейін бірден оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері барып, іздестіру-құтқару жұмыстарын бастап кетті.

— Сағат 09:00–де іздеу тобы бір қайтыс болған адамның денесін тауып, судан алып шықты. Ол одан әрі тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция органдарына берілді, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта құтқару операциясына: 55 құтқарушы, 5 жүзу құралы, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты, су асты іздеуге арналған эхолот, 10 техника жұмылдырылған. Операцияны күшейту үшін қосымша Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімнен ҚР ТЖМ әскери қызметшілері тартылды, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысынан құтқару бөлімшелерінің келуі күтілуде.

ТЖМ қызметтері іздестіру-құтқару жұмыстарын тиімді аяқтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдай отырып, оқиға орнында жұмысын жалғастыруда. Алдағы оқиғалар туралы ақпарат қосымша хабарланатын болады. 

Еске салсақ, Семейде жарыс кезінде Ертіс өзеніне көлік құлап кеткені хабарланды. Көліктің ішінде төрт жолаушы болған.

Соңғы жаңалықтар