Семейде туберкулезге қарсы балалар ауруханасы ашылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Семей қаласында 80 орындық туберкулезге қарсы балалар ауруханасы ашылды.
Аурухана құрылысы 2011 жылы Сауд Арабиясы Корольдігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі арасында қол қойылған меморандум аясында жүргізілді. Сауд Арабиясы Корольдігі 1300 млн. теңгеден астам грант бөлді. Елімізде мұндай медициналық мекеме жоқ, деп хабарлады облыс әкімінің ақпараттық орталығынан.
Ашылу рәсіміне өңір әкімі Бердібек Сапарбаев пен Сауд Арабиясы қаржы министрінің орынбасары Мухаммед Аль-Хурр Аль-Сувайди қатысты.
Құрылысты 2013 жылдан бастап «Иртышгэсстрой» ЖШС-ның мердігерлік ұйымы жүргізді.
Облыс әкімі Б. Сапарбаевтың айтуынша, аурухана қарағай ағашынан салынды, ол тек емдеу ғана емес, білім берудің заманауи жабдықтарымен жарақталды: «Ауқымды қаржылай көмек көрсеткен Сауд Арабиясынан келген достарымызға тағы да алғыс білдіргім келеді», - деді ашылу рәсімінде өңір басшысы. «Бұл біздің Қазақстанға деген достық қарым-қатынасымыз. Қазақстанда да сау балалар өмір сүргенін қалаймыз. Балалардың денсаулығын қолдауға қосқан титімдей болса да үлесіміз, - деді Сауд Арабиясы қаржы министрінің орынбасары Мухаммед Аль-Хурр Аль-Сувайди.
Рәсімде атап өтілгендей, ауруханада Шығыс Қазақстан облысының ғана емес, жақын Павлодар, Қарағанды және басқа да облыстардың балалары мен жасөспірімдеріне амбулаториялық-емханалық, стационарлық нысанда жоғары білікті көмек көрсетіледі.
Жаңа аурухана УДЗ, ЭКГ, Италия мен Ресейде шыққан спирография аппараттарымен жабдықталған. Емдеуге қолайлы жағдай жасалған, сонымен бірге 1 сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін балаларды оқыту үрдісі қолға алынған. Мектеп мультимедиялық кабинетпен жабдықталған. Интернет желіге қосылған компьютерлер, интерактивтік тақта, кітапхана бар.
Салтанатты рәсімнің соңында Сауд Арабиясы Корлдігінен келген делегацияны ресми қабылдау өтті.