Семейдегі 19 жастағы студенттің өлімі: күдікті ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Семейде 19 жастағы қыздың өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Полицияның мәліметінше, күдікті ізін суытпай ұсталды. Ол 24 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

қыз
Фото: pexels.com

Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс 21 қыркүйекте қозғалды. Абай аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, марқұм мен ұсталған адам бұрын таныс болған.

– Күдікті дереу анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторында. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, - деді Семей қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасарының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ержан Аққалиев.

Сонымен қатар әлеуметтік желіде жәбірленушінің туыстарының хабарламалары пайда болды. Олардың айтуынша, жас жігіттің ұсынысынан бас тартқаннан кейін қызға шабуыл жасалған. Сонымен қатар жазбада кісі өлтіруді бірнеше адам алдын ала жоспарлап, жасаған болуы мүмкін екені айтылады. Полиция бұл болжамды әлі растаған жоқ.

Марқұмның аты Диляра Салимбаева болған. Ол Семей колледжінің үшінші курс студенті болған және жол қозғалысын басқару мамандығы бойынша білім алған. Мұғалімдері оның ең үздік студенттердің бірі деп сипаттайды және қайғылы оқиғадан есеңгіреп қалғанын жеткізді.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға кезінде олар айқай-шуды естіп, жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнына екі бригада келген, бірақ қызды құтқара алмаған. Алдын ала медициналық қорытынды өлімнің себебі мойындағы пышақ жарақаттары болғанын көрсетеді.

Марқұмның таныстарының бірі шабуылдан сәл бұрын қыздың бұрынғы жігітімен сөйлесіп тұрғанын айтты. Олар ұрысып қалғанда, ол кетіп қалған. Содан кейін айқай-шуды естігеннен кейін қайтып оралған. Ер адам көмек көрсетуге тырысып, жақын маңдағы адамдарды шақырған.

Ұстаздарының айтуынша, Диляраның жерлеу рәсімі оның туған жері Көкпекті ауданында өтеді.

Полиция тергеу жүріп жатқанын атап өтті. Қылмыстың себебі, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Айта кетейік, Түркістанда ерлі-зайыптылардың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр.