Семейдегі қоғамдық көлік тасымалдаушыларына жолақыны өз бетімен көтерудің ықтимал құқықтық салдары түсіндірілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының прокуроры БағланТайымбетов Семей қаласының автобус бағдарларында жеке автотасымалдаушыларының жол жүру бағасын 60 теңгеден 75 теңгеге дейін өз бетімен арттыруына байланысты көшпелі жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында қалалық автобус бағдарларында жол жүру бағасын рұқсатсыз көтерілуіне байланысты мәселелер талқыланды, деп хабарлайды облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Осы жылдың 10 қарашасынан бастап қалада жол жүру бағасын рұқсатсыз көтеру фактісі бойынша Семей қаласының прокуратурасы автотасымалдаушы кәсіпорындардың басшыларына заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізді. Талқылау нәтижелері бойынша Семей қаласының прокурорына қала әкімдігінің қызметінде қоғамдық көлікте жол жүру бағасын қайта қарау жөніндегі автотасымалдаушылардың өтініштерін қарау барысына тексеру жүргізу тапсырылды. Кеңес барысында автотасымалдаушыларға жол жүру бағасын өз бетімен көтерудің ықтимал құқықтық салдары, сондай-ақ қала прокурорының заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынысын жедел орындап, осы мәселені әрі қарай қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешу қажеттілігі туралы түсіндірілді. Қазіргі кезде Семей қаласындағы автобус бағдарларының қозғалысы бекітілген кестеге сай жүзеге асырылуда.