Семейдегі жаңа мешіттің құрылысы жас кәсіпкерлер қаржыландыруымен жалғасады

Құрылыс инвесторларының бірі - «Акмол-Теплосервис» ЖШС-ның 23 жастағы бас директоры Айдын Байжұманов алдымен осыған дейін жасалған жұмыстардың техникалық тұрғыда тексеру керектігін айтты.
Ары қарай жаңа жоба нұсқасын қорғау, мемлекеттік сараптаудан өткізу жұмыстары тұр. Содан кейін ғана құрылыс жалғасады. Бұл іске жас кәсіпкерлер ағымдағы жылдың қараша айында кірісуді жоспарлап отыр. Құрылысты жаңғырту бастамасының иелері бастапқы жұмыстарға 1 жыл 3 ай бөлуді сұрады. Нысанды салу үшін бірнеше қазақстандық және бір түркиялық фирманы тарту көзделген, деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
«Астана нарығында сәтті жұмыс жасап келе жатқан түркиялық компания бас мердігер болады, - деді Айдын Байжұманов. - Онымен бірге құрылыс алаңындағы істерге «Дан ЛТД» компаниясының мамандары тартылады. Бұл компания құрылысты жарақтармен қамту мәселесін реттейді. «Өркен-2012» ЖШС әрлендіру жұмыстарымен айналысады. Бұл салада олардың тәжірибесі бар. Семейдің өзінде цемент зауытымен және үй құрылысы комбинатымен жұмыс істемек ойымыз бар.
Жұмыс құнын инвесторлар 200 млн. теңгеге бағалап отыр. Оған мешітті көтеру жұмыстары ғана кіреді. Ал қасындағы инфрақұрылымдарды қамтумен мердігерлер қаланың билік өкілдері айналысады деп үміттенуде. Жаңа мешіт 2 мың адамды қабылдай алады деп хабарланды.
«Мешіт құрылысына біз Астанада тұрғын үйлерді өткізуден түскен қаражатымызды жұмсаймыз. Одан пайда табу ойымызда жоқ. Бұл біздің Жаратқанның алдындағы парызымыз деп есептейміз. Қаламызға да бір көмегіміз тиіп қалады», - деді жас бизнесмен.