Сенат депутаттары БҚО-дағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қорына бір күндік жалақысын аударады
АСТАНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Парламент Сенатының депутаттары Батыс Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек беру қорына бір күндік жалақыларын аударады. Бұл туралы Парламент Сенатының отырысында сенатор Рашит Ахметов үндеу жасаған болатын.
«Өздеріңізге белгілі, Батыс Қазақстан облысы бір мезгілде қардың жылдам еруі мен жауын-шашынның мол түсуі, сондай-ақ өзендердің арнасынан асып кетуі салдарынан төтенше жағдайға тап болып отыр. Бұндай құбылыс батыс өңірінде сирек кездесетініне қарамастан судан келетін төтенше апаттың мұншалықты ауқымдылығы бұрын-соңды байқалмаған. Облыс пен қала жұртшылығының мыңдаған адамдары жапа шекті. Олардың үйлері мен мүліктері, коммуникация желілері су астында қалып, қолдағы мал қырылып отыр. Табан астынан тап болған төтенше жағдай жапа шегушілердің де санын арттыра түскен. Судың бірден көтерілуі де жағдайды тым қиындатып жіберіпті. Соған орай, облыс басшылығы Астанадан барған үкіметтік делегациямен бірігіп, апат салдарын азайтуға қатысты жан-жақты шараларды атқарып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Премьер-министр Үкімет резервінен көмектің алғашқы траншын бөлді. Біздің халқымыз бұндай жағдайда жапа шеккен жұрттың қайғысына ортақтасып, қайырымдылық көрсетіп, жанашырлық танытатыны белгілі. Бұл жолы да бүкіл жұртшылық батыс өңірінде орын алған апатқа қатысты қолдаушылық сезімін білдіреді деп сенеміз», - деді Сенат депутаты Рашит Ахметов. Осыған орай, сенатор Парламенттегі өз әріптестерінен бір күндік жалақыларын Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету қорының арнайы шотына аударуға шақырды. Сондай-ақ депутат бұндай ниеттегі үндеуді Қазақстан азаматтарына, барлық әлеуметтік, ұлттық компанияларға, ұйымдарға, үкіметтік емес ұйымдарға, бизнес өкілдеріне жолдайтынын жеткізіп, бұндай қиын-қыстау кезеңде рухани һәм материалдық қолдау көрсетуге шақырды.