Сенат депутаттары еліміздің фармацевтика саласын дамыту мәселелерін талқылады

АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттары Денсаулық сақтау министрлігі және «СК-Фармация» компаниясының басшылығымен кездесті. Кездесу барысында еліміздің фармацевтика саласын дамыту мен дәрі-дәрмек нарығында дәрі-дәрмектердің бірыңғай дистрибьюторын енгізу мәселелері талқыланды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға жетекшілік еткен комитет төрағасы Ақан Бижанов талқыланып отырған мәселелердің өзектілігіне тоқталып, Халық денсаулығы кодексінде қамтылған дәрі-дәрмекпен қамсыздандырудың заманауи үлгісі мен отандық фармацияға мемлекеттік стандарттарды енгізу мәселелеріне аударды. Сонымен бірге, аталмыш салада енгізілген бірыңғай дистрибьютордың мақсатына тоқталған сенатор, оның фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудағы және дәрі-дәрмекпен мемлекеттік қамтамасыз ету нарығындағы ролін атап өтті. Оның айтуынша, компания сонымен қатар, салада ортақ ақпараттық жүйе құру, сатып алу сұлбаларының мөлдірлігін, көлік және қойма логистика жүйесінің тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету мен дәрі-дәрмектерді сатып алуға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалануға қатысты шараларды жүзеге асыруда маңызды роль атқаруы тиіс.

Сонымен қатар, жиын барысында «СК-Фармация» ЖШС бас директоры Вадим Зверьков депутаттарды компания қызметі мен дәрі-дәрмектерді сатып алуға бөлінетін қаржыларды оңтайлы әрі тиімді пайдалану жұмыстарының қорытындылары туралы хабардар етті. «Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тек шектеулі бағалардың өзінен 4,5 млрд.теңге үнемделді»,- деді компания жетекшісі. Оның айтуынша, дәрі-дәрмектерді сатып алудың жаңа жүйесіне сәйкес, сатып алуды жүзеге асыруға қатысты процедураларға қатысу үшін барлық әлеуетті жеткізушілерге тең мүмкіндіктер берілген. Атап айтқанда, әлеуетті жеткізушілер арасында шынайы бәсекелестікті қамтамасыз ету шаралары, сатып алу үрдісінің жариялы және мөлдір болуы 2009 жылы өткізілген сатып алулардағы бағадан әлдеқайда төмен бағаларға қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Талқылау барысында Денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиев жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайлардағы дәрі-дәрмек саясатын жүргізу, отандық фармацевтика саласын дамыту мен дәрі-дәрмек нарығына бірыңғай дистрибьюторды енгізу мәселелеріне кеңінен тоқталып өтті. Салалық министрліктің басшысы мен «СК-Фармация» ЖШС жетекшісі депутаттардың емдік-профилактикалық мекемелердегі дәрі-дәрмектердің тапшылығына, сапалы дәрмектерді уақытылы сатып алу мен оны жеткізуге, сонымен қатар, өмірлік маңызы бар кейбір дәрі-дәрмектер бағаларының қымбаттауымен байланысты көкейтесті сұрақтарына жауап берді.

Соңғы жаңалықтар