Сенат депутаттары «Қазақстан даму банкі» АҚ басқармасы басшыларымен кездесті
СТАНА. Сәуірдің 26-сы. ҚазАқпарат - Бүгін Сенат төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің қатысуымен палата депутаттары «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма басшыларымен кездесті.
Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Қайрат Ищановтың төрағалық етуімен болған бұл басқосуда экономиканың шикізаттық емес саласын дамытуды көздейтін жобаларды қаржылай қолдау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды сенаттың баспасөз қызметі.
«Қазақстан даму банкінің» басшысы Ғ.Есқалиев қаржы институтының бағыттары, 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруды мақсат еткен жобалар туралы талқылауға қатысушыларды хабардар етті.
Шикізаттық емес саланы жедел дамыту жөніндегі банк қызметін қолдауға орай, Ғ.Есқалиевтің айтуынша, индустрияландырудың республикалық картасына енгізілген салалық бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыруға ерекше назар аударылып отыр.
Атап айтқанда, даму институтының қызметі басталғаннан бері 83 жоба пайдалануға беріліп, 30 нысанға қаржылай қолдау жасалды. Тұтас алғанда 2,4 миллиард долларға заем қаржысы беріліп, оның 0,4 миллиард доллары жабылды.
Талқылау барысында индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары А.Рау салалық бағдарламаларды жүзеге асыруда даму институтының үйлесімі мен өзара іс-қимылының маңызын айта келіп, индустрияландыру картасына енгізуге ұсынылған жобаларға талаптарды қатайту қажеттігін атап өтті.
Өндіргіш күштерді өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, тиімді орналастыруға, жергілікті инфрақұрылымды көркейтуге, әлеуметтік саланы нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға қатысты депутаттардың сауалдарына А.Рау және Ғ.Есқалиев жауап берді.
Кездесуді қорытындылай келіп, төраға орынбасары индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру аясында осы талқылаудың маңыздылығын атап өтті және Банк қызметі, мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыру тетіктері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудің қажеттігін айтты.