Сенат индустриялық секторды қолдауға арналған жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қазақстанның машина жасау саласы терең жаңғыру кезеңіне қадам басты. Сенат саланың жүйелі түйткілдерін шешіп, оның бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін кешенді заң жобасын дайындап жатыр.

Сенат индустриялық секторды қолдауға арналған жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр
Фото: Qarmet

Мәулен Әшімбаев машина жасау бағытындағы сын-қатерлер мен даму әлеуеттері талқыланған дөңгелек үстел жұмысына қатысып, саланың әлсіз тұстарын атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінде Қарағанды облысы қуатты өнеркәсіптік базасы мен металлургиямен интеграциясының арқасында елдің машина жасау кешенінде жетекші орынға ие. Алайда бұл артықшылықтарға қарамастан, шешімін күтетін маңызды мәселелер әлі де бар. Олардың қатарында — импортқа тәуелділік, білікті кадрлар тапшылығы, технологиялық және цифрлық кемшіліктер.

— Бүгін біз елімізде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен машина жасаудың белсенді дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Осыған байланысты бірқатар мәселелерді шешу маңызды. Солардың бірі – қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ету және инвестиция тарту. Осы және басқа да мәселелерді шешу мақсатында Сенат машина жасауды қолдауға арналған жеке заң жобасын әзірледі. Жалпы, Қазақстандағы машина жасау саласы айтарлықтай әлеуетке ие. Оны жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар, бизнес, ғылым және білім жүйесінің тиімді бірлескен жұмысы қажет. Мұндай ынтымақтастық бәсекеге қабілетті өндірістерді қалыптастыруға, оқшаулауды арттыруға және қазіргі заманғы, тиімді әрі экспортқа бағытталған машина жасау саласын дамытуға мүмкіндік береді, – деді Палата төрағасы өз сөзінде.

Сенат индустриялық секторды қолдауға арналған жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр
Фото: Kazinform

Депутаттар жұмыс сапары барысында өңірдің бірнеше ірі кәсіпорнында өндіріс технологияларымен және өнім сапасымен егжей-тегжейлі танысты. Сапардың негізгі акценті — өндірістің тиімділігі мен қауіпсіздігін айқындайтын заманауи цифрлық шешімдер болды. Соның ішінде 2024 жылы ашылғалы бері компанияның цифрлық трансформациясының басты өзегіне айналған Qarmet диспетчерлік-талдау орталығы ерекше аталды.

Компания басшылығының хабарлауынша, орталық Qarmet-тің барлық көмір өндіру нысанын тәулік бойы бақылап отырады. Жабдықтың жағдайы, өндіріс пен қайта өңдеу параметрлері, технологиялық қондырғылардың жұмысы, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік көрсеткіштері нақты уақыт режимінде қадағаланады. Сондай-ақ көлік қозғалысы мен энергетикалық инфрақұрылымның жұмысын бақылауға айрықша көңіл бөлінген.

Сенат индустриялық секторды қолдауға арналған жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр
Фото: Qarmet

Бірегей диспетчерлік жүйе мамандарға өндірістік көрсеткіштердегі өзгерістерге жедел әрекет етуге, ықтимал ақаулардың алдын алуға және процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл, сапарға қатысушылар атап өткендей, кәсіпорындардың жалпы тиімділігін айтарлықтай арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған қосымша тетіктерді қалыптастырады. 

Соңғы жаңалықтар