Сенат Кеден одағы аясындағы ветеринариялық-санитариялық мәселелерді қамтыған заңды қабылдады
А. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Кеден одағының ветеринариялық-санитариялық шаралар жөніндегі келісімін ратификациялау туралы»,
сондай-ақ «Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі келісімін ратификациялау туралы» Заңдарын қабылдады.
Аталған ветеринариялық-санитариялық шаралар жөніндегі келісім кеден одағының осы саладағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірыңғай көзқарасты регламенттейтін, негізге алынатын нормативтік құқықтық акті болып табылады. Келісім Тараптарға кеден одағының ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігінің бірыңғай жүйесін құруға және ветеринариялық-санитариялық талаптар мен шараларды қолдану саласында келісілген саясат жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл кеден одағының аумағын жануарлардың жұқпалы аурулары қоздырғыштарының әкелуінен және таралуынан қорғауды әрі экономикалық шығынды азайтуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ветеринариялық-санитариялық бақылауға жататын өнімнің халықаралық саудасындағы кедергілерді жоюға мүкіндік береді.
Екінші заңның мақсаты кеден одағының кедендік аумағын инфекциялық және жаппай инфекциялық аурулардың халық арасында таралуынан және санитариялық-эпидемологиялық талаптарға сәйкес келмейтін өнімнің әкеуінен қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Құжат бойынша кеден одағының шекарасында кедендік шекараны кесіп өтетін адамдар мен көлік құралдарын, тауарларды санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды Бірыңғай санитариялық талаптарға сәйкес жүзеге асыру қарастырылады.