Сенат келісім комиссиясының құрамына жоғары палата депутаттарын сайлады
АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қос палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру үшін келісім комиссиясын құру туралы мәселе қаралып,
оның құрамына Сенат депутаттары сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасы бұқаралық спорт түрлерін дамыту, спорт резервін даярлау және әлемдік деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеу жүйесін жетілдірудің құқықтық базасын құруға бағытталады. Заң жобасымен спорт түрлерін және дене шынықтыру-спорт қозғалысының субъектілерін тану секілді саладағы мемлекеттік институт бекітіледі. Осыған орай заң жобасына дене шынықтыру-спорт қозғалысының 16 субъектісін айқындайтын жаңа бап енгізу көзделіп отыр. Сонымен бірге жоба бойынша мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғалардың дене шынықтыру-спорт қоғамдарын жандандыру шаралары қамтылады. Бұның өзі дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын адамдардың санын арттыруды қамтамасыз етіп, ел ішіндегі талантты спортшы жастарды табуға, осылайша бірте-бірте сапалы спорт резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа заң жобасында шетелдік мамандардың жоғары сыныпты спортшыларды даярлауына қатысты нормалар да енгізіліп отыр.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын талқылау барысында Сенат депутаттары бірқатар түзетулер енгізген болатын. Атап айтқанда, палата депутаттары мемлекеттік органдардың, бірінші кезекте олардың бұқаралық спортты дамытуға бағытталған құзіретін толықтыру мен нақтылауды ұсынады. Сондай-ақ жоғары палата депутаттары елге еңбегі сіңген спортшылар мен жаттықтырушыларды өмір бойы материалдық қамтамасыз ету мөлшерін 8 айлық есептік көрсеткіштен 24 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту жөнінде түзету жасап отыр. Жобаның дәл осы нормасын 2010 жылдан бастап қолданысқа енгізу көзделеді. Мәжіліс депутаттары өз кезегінде сенаторлар енгізген 18 түзетудің 5-еуімен келісіп, қалған 13 ұстаным бойынша комиссия құру қажет деп шешкен еді. Комиссия құрамына Сенат тарапынан депутат Әділ Ахметов, Төлеген Мұхамеджанов, Юрий Цхай сайланды.