Сенат комитеті Киото хаттамасын талқылады

АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған Киото хаттамасы негіздемелік конвенцияны тиімді іске асыру және парниктік газдардың шығарылымдарын азайту мақсатында Жапонияның Киото қаласында 1997 жылы желтоқсанның 11-інде қабылданған болатын. Бүгінгі күні бұл құжатты әлемнің 181 елі ратификациялаған. Хаттама дамыған елдердің шығарылымдарды азайтуды жүзеге асырудың және оны өлшеудің икемді тәртібін қамтамасыз ететін бірқатар тетіктерді белгілейді. Киото хаттамасына сәйкес, дамыған елдер 2012 жылға дейін парниктік газдардың шығарылымдарын азайту жөнінде өздеріне сандық міндеттеме алған болатын. «Киото хаттамасы Мемлекет басшысының елдің бәсекеге қабілеттігін арттыру жөніндегі жүктеген тапсырмасын толық көлемде орындауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа аталған хаттама Қазақстанның энергетикалық секторына инвестиция ағымын күшейтіп, ел экономикасының ашықтығына жағдай туғызатын болады. Табиғи ресурстарды басқарудағы нарықтық тетіктің инвестициялық сипатын ескерсек, хаттама арқылы экономиканың нақты секторы бойынша ғылыми-техникалық жұмыстарды дамыту мен қолдау жүзеге аса бастайды. Сонымен бірге, осы заң жобасын қабылдау, ешқандай да экологиялық, экономикалық және әлеуметтік салдарға әкеп соқпайды», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған сенатор Сергей Плотников. Комитет депутаттары аталған жобаны палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.
Соңғы жаңалықтар