18:01, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Сенат комитеті «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заң жобасын қарады
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінде «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заң жобасы қаралды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасы әлем экономикасында байқалып отырған дағдарыс жағдайында еліміздің макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.Заң жобасында Ұлттық әл-ауқат қорының құқықтық ережелері, қызмет тәртібі, мақсаты мен міндеттері және өкілеттігі, сондай-ақ Қорға жататын заңды тұлғалардың, акциялардың (қатысу үлесінің) жекелеген өкілеттіктері белгіленген.Қордың белгіленген мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру үшін мынандай өкілеттіктер беріледі:
1) Стратегиялық нысандарды Қазақстан Республикасының Үкіметінің шешімі бойынша иеліктен айыруға басым құқықтар беріледі;
2) еліміздің заңнамаларына сәйкес стратегиялық нысандарға жататын ұйымдар, акция пакеттері (қатысу үлесі) немесе республика экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар ұйымдар банкротқа ұшыраған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметінің шешімі бойынша конкурстық массаны сатып алуға басым құқықтар беріледі;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған ереже бойынша банкілер акцияларын сатып алуға құқықтар беріледі.
Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс мақұлдаған жобаға өзгерістер енгізу туралы айтылды.
Заң жобасындағы банкілер акцияларын сатып алуға және айыруға, сондай-ақ белгіленген акцияларды сенімді басқаруға беруге қатысты ережелердің кері күші болады.Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық әл-ауқат қоры қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және «Қазақстан инвестициялық қоры туралы» Қазақстан Республикасы заңының күші жойылды деп тану туралы» заң жобасы да қаралды.
Заң жобасы ұйымдардың тиімді қызметін қамтамасыз ету және қолданыстағы заңнамаларды «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» туралы негізгі заң жобасымен сәйкестендіру мақсатында әзірленді.Заң жобасы 4 кодекс пен 14 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, сондай-ақ «Қазақстан инвестициялық қоры туралы» заңның күшін жояды.Одан басқа, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай кеден шекарасы арқылы құбыржол көлігімен өткізілетін энергия ресурстарын кедендік бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралды. Барлық заң жобалары палатаның қарауына ұсынылатын болды.