Сенат комитетінде халықаралық құжаттар қаралды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінде Қазақстан мен Қытай арасындағы Қорғас өзенінде «Достық» ортақ бірлескен су торабын салудағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралды.
Келісімнің мақсаты «Достық» ортақ бірлескен су торабын салу мәселелерін реттеу болып табылады. Келісім су торабы құрылысы кезеңінде қолданылатын болады.
Отырыста сонымен қатар 1999 жылғы 3 желтоқсанда Пекинде қабылданған Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль Хаттамасына Түзетулерді ратификациялау жөніндегі заң жобасы да қаралды.
Монреаль Хаттамасы жердің озон қабатын қорғау мақсатында 1987 жылы қабылданған болатын. Монреаль Хаттамасына бұл түзету тұрмыстық, өндірістік, сауда және көлік секторларындағы тоңазытқыш және баптағыш жүйесіне салқындатқыш ретінде құю үшін, сондай-ақ көбік материалдары секторы үшін реагент ретінде пайдаланатын көмірсутегін бөлетін гидрохлорфторкөміртекті тұтынуды бірте-бірте тоқтатуға, және Монреаль хаттамасының тарапы болып табылмайтын кез келген мемлекетке кез келген мемлекеттен гидрохлорфторкөміртекті экспорттауға/импорттауға тыйым салуға бағытталған.
Пекин түзетуін 190-тан астам мемлекет ратификациялаған, оның ішінде Еуроодақ, Орталық Азия және Латын Америкасындағы елдер, АҚШ, Канада, Ресей Федерациясы және тағы басқалар бар.
Кеден Одағы елдерінен Қазақстан ғана Пекин түзетуінің Тарапы болып саналмайды. Бұл Беларусь пен Ресей Федерациясы саудаға байланысты кедендік рәсімдердің болмауына қарамастан, Пекин түзетуін ратификацияламаған жағдайда, Қазақстанмен жасалатын озон қабатын бұзатын заттар саудасына шектеулер қоюлары қажеттігін міндеттейді.
Бұл Түзетулерді ратификациялау озон қабатын бұзатын заттар саудасына шектеу енгізу барысында шағын және орта бизнеске қаржы шығындарын төмендетіп, «күңгірт» жолдар мен контрабанда тәуекелдерін азайтуға, Кеден одағы, Еуразиялық экономикалық комиссия аясында ұлттық заңнамаларды үйлестіруге мүмкіндік береді және Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасын, оның жаңа технологияларды тарту бөлігін іске асыруға ықпал етеді.
Мақұлданған заң жобалары Палата отырысына жіберілді.