Сенат комитетінде Кеден одағына қатыста екі заң жобасы талқыланды
/em>АСТАНА. Маусымның 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.
Онда «Кеден одағының ветеринариялық-санитариялық шаралар жөніндегі келісімін ратификациялау туралы» және «Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісімін ратификациялау туралы» заң жобалары қаралды.
2009 жылғы желтоқсанның 11-інде Санкт-Петербор қаласында ЭурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің мәжілісі барысында Кеден одағының ветеринариялық-санитариялық шаралар жөніндегі келісімі қабылданған болатын. Соның негізіндегі осы келісім Кеден одағының ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігінің бірыңғай жүйесін құруға және ветеринариялық-санитариялық талаптар мен шараларды қолдану саласында келісілген саясат жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл Кеден одағының аумағын жануарлардың жұқпалы аурулары қоздырғыштарының әкелінуінен және таралуынан қорғауды әрі экономикалық шығынды азайтуды қамтамасыз етіп, ветеринариялық-санитариялық бақылауға жататын өнімнің халықаралық саудасындағы кедергілерді жоюға мүмкіндік береді.
Кеден одағын қалыптастыру кеден одағына мүше мемлекеттердің Кеден одағының кедендік аумағына жануарлардың, оның ішінде адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулар қоздырғыштарының және ветеринариялық талаптарға сәйкес келмейтін тауарлардың (өнімдердің) әкелінуінен және таралуынан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында кеден одағының ветеринариялық қауіпсіздігінің бірыңғай жүйесін құру және ветеринариялық-санитариялық талаптар мен шараларды қолдану саласында келісілген саясат жүргізу қажеттілігін талап етеді.
Заң жобалары кеден одағының ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық қауіпсіздіктің бірыңғай жүйесін құруға және осы саладағы келісілген саясат жүргізуіне мүмкіндік береді. Қос келесім палатаның жалпы отырыстағы қарауына жіберілетін болды.