Сенат комитетінде Кеден одағында тауарлардың экспорты мен импорты, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу принциптері туралы заң жобасы талқыланды

2009 жылғы желтоқсанның 11-де Санкт-Петерборда қол қойылған Хаттамаға қатысты заң жобасын қарау барысында Келісімнің 3, 10 баптарына тауарлардың экспорты мен импорты, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу принциптері туралы өзгерістер енгізілгені айтылды.
Қазақстан бұл Келісімді 2009 жылғы сәуір айында ратификациялаған болатын. Келісімнің 4 және 5 баптарын жүзеге асыру мақсатында кеден одағындағы тауарлардың экспорты мен импорты кезінде жанама салықтар алу тәртібін, сондай-ақ олардың төлемдерін бақылау тетіктерін белгілейтін Хаттама және жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін белгілейтін Хаттама әзірленді.
Отырыста сонымен бірге «Кеден одағында кедендік әкелу баждарын (өзге баждарды, балама әрекеті бар салықтар мен алымдарды) есепке алу мен бөлудің тәртібін белгілеу және қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы», «Кеден одағы комиссиясының Кедендік статистика орталығы мәртебесі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының деректерін беру тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобалары да қаралды.
Отырыста қаралған барлық заң жобалары палата қарауына жіберілетін болды.