Сенат Төрағасы Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезінің құжаттарын әзірлеу жөніндегі Жұмыс тобы кеңесіне қатысушылармен кездесті
АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында палата Төрағасы, Әлем және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезінің құжаттарын әзірлеу жөніндегі Жұмыс тобы кеңесіне қатысушылармен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қ.Тоқаев кездесуге қатысушыларды өркениеттер, мәдениет және конфессиялар үнқатысуын дамыту үшін жаңа сапалы тұғырнама болған жиын қарсаңында атқарылған ауқымды және пайдалы жұмыстар үшін алғыс айтты. «Қазір әлемде белгілі бір құндылықтарға түрлі көзқарастарды бағамдауға, халықтардың бейбіт қатар өмір сүруіне қадамдар табуға жәрдемдесетін осындай үнқатысудың қажеттігін түсіну орнығып келеді», - деп атап өтті Төраға. Қ.Тоқаев кездесу барысында Президент Н.Назарбаевтың өкімімен Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезін әзірлеу және оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғанын атап өтті. Оның құрамына барлық мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігі бөлімдерінің жетекшілері еніп отыр.
- Бірнеше отырыстар өтті, ендігі кезекте барлық сала бойынша, ұйымдастыру және саяси мәселелерді де қарау жоспарланып отыр, -деді ол.
Елбасы мен Әлем және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығы басшысының арнаулы өкілдері арқылы мемлекет басшыларына, діни және саяси қайраткерлерге алдағы жиын жұмысына қатысуға шақырулар жіберілді. Үстіміздегі жылғы шілденің басында өтетін діни лидерлер жиынына түрлі конфессиялар мен халықаралық ұйымдардан 450 өкіл қатысады деп күтіліп отыр. Кездесу аяғында Төраға сессия отырыстары және секциялық жиындар барысында толеранттылыққа және өзара сыйластыққа негізделген әлем құрылысындағы діни лидерлердің рөлі туралы пайдалы пікір алмасу болатынына сенім білдірді.