«Сенат Төрағасы бір жылда екі рет сайланды» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен Комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыста Орталық сайлау комиссиясы Президенттің Жарлығымен тағайындалған Парламент Сенатының депутаттарын тіркеді және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының нормативтерін бекітті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Тағайындалған сенаторларға куәліктер тапсырылды» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, облыстық, Астана және Алматы қалалық мәслихаттарының депутаттығына кандидат ретінде тіркелген әрбір үміткерге үгіт шаралары мен көлік шығыстарына бюджеттен 349 мың теңге, ал қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар үшін 179 мың теңге бөлінетін болады.
«Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен қазақстандықтардың үлкен тобы республика алдындағы сіңірген еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі, Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің дамуы мен қалыптасуына және егемендігінің нығаюына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Марапатталғандардың қатарында кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар, шаруа қожалықтарының басшылары, өндірістік саланың жұмысшылары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, әлеуметтік сала, бизнес, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілер, соғыс және еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметшілер бар.
***
«Бүгінгі таңда Украина Кедендік одақтың құрамына кіруден бас тартса да, Қазақстан, Ресей және Беларусь сияқты үш елдің үлкен нарығын жоғалтқысы келмейді. Сол себепті де ресми Киев «3+1» форматында әріптестік байланыстарды жүргізуді ұсынған. Алайда Ресей онымен келіспей отыр. Қазақстан болса, Украинаның бұл ұстанымын қолдап, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарды ары қарай дамытуға мүдделі», деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Қазақстан Украинаның «3+1» ұстанымын қолдайды» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, кеше Астанада кездескен Украинаның Премьер-министрі Николай Азаров пен Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов екі елдің ынтымақтастығын көздейтін іс-шаралар жоспарын жалғастыруға уағдаласты. Қазақстан Кедендік одақ аясында Украина үшін туындайтын сан алуан негізсіз кедергілерді де жоюға көмектеспек.
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, кеше Сенаттың жалпы отырысында Елбасының Жарлығына сәйкес тағайындалған һәм қайта тағайындалған депутаттар жоғарғы палатаның жұмысына кірісіп, ұзақ жылдар бойы заң шығармашылығы саласында Президенттің тағайындауымен қызмет еткен үш депутат өкілеттігінің аяқталуына байланысты орнынан босады. Тоқтала кететін жайт, ағымдағы жылдың сәуірінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың орнына спикер лауазымына келген сенатор Қайрат Мәмидің депутаттық өкілеттігі де аяқталған еді. Ал Конституцияның 50-бабы 2 тармағына сәйкес, өкілеттік мерзімі аяқталған депутаттардың орнына тағайындау барысында Қайрат Мәми Елбасының сеніміне қайтадан ие болған еді. Ендеше жаңа құраммен толыққан Сенаттың төрағасын қайта сайлауды заң талап етеді. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қ.Мәми кандидатурасын қайта ұсынып, жасырын дауыс берген 46 сенатор бірауыздан Елбасының ұсынысына қолдау білдірген. Мақала «Сенат Төрағасы бір жылда екі рет сайланды» деген тақырыппен берілген.
***
Ел болып еңсемізді көтергенімізге де жиырма жылға таяп қалды. Бұл жылдары халықтың философиялық және тарихи санасында өзгерістер болды ма, ұлттың рухани құндылықтарын қаншалықты сақтап қалдық? Осы секілді сан түрлі сауалдарға «Айқын» газеті арқылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдімәлік Нысанбаев пен философия ғылымдарының докторы Бақытжан Сатершинов жауап береді. Мәселен, Ә.Нысанбаев: «Шынтуайтына келгенде, түркілік бабаларымыздың даналыққа толы құштарлығы мен тұжырымдары тек қана қазақ халқы үшін ғана емес, жалпы, түркітілдес халықтарға, одан кеңірек алсақ адамзат баласына рухани бағдар болып табылады», - дейді. екі ғалымнан алынған сұхбат «Қазақ философиясы - рухани тәуелсіздігіміздің көрінісі» деген тақырыппен берілген.
Келесі жылы футболдан өтетін Еуропа чемпионатына қатысатын ұлттық құрамалар өткен аптада толықтай белгілі болды. Осыған орай «Айқын» газетінде «Желтоқсанда жеребе тартылады» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Бірден айта кетейік, бір жылдан астам уақытқа созылған іріктеу бәсекелері барысында айтарлықтай тосын оқиғалар тіркелген жоқ. Мықтылар Польша мен Украинада жалауы желбірейтін жарысқа жолдама алса, ортаңқол мен осалдары жарты жолда қалып қойды», - деп жазады басылым.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Украина Премьер-Министрі Николай Азаровты қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың кең көлемді мәселелері, атап айтқанда, инвестиция және сауда-қаржы саласындағы ынтымақтастық мәселесі талқыланды. Ағымдағы жылдың 10 айында екі елдің арасындағы сауда айналымы 70 пайызға өсіп, 2,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Қазақстан Украинаның Ресей Федерациясынан кейінгі ірі сауда серіктесі болып табылады.