Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сенат және Мәжіліс депутаттары Батыс Қазақстанда жұртшылықпен жүздесуде

РАЛ. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ақпанның 12-сінде «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қабиболла Жақыпов, Шавхат Өтемісов және Виктор Киянский жергілікті компаниялардың өкілдерімен кездесті,

Сенат және Мәжіліс депутаттары Батыс Қазақстанда жұртшылықпен жүздесуде

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Жолдауынан туындайтын жаңа міндеттер мен бірыңғай кедендік одақ турасында әңгіме өрбіткен Мәжіліс депутаттары халықаралық және отандық сапа жүйесіне қатысты өз ойларын ортаға салды. Виктор Киянскийдің пайымдауынша, елімізде сервистік-технологиялық экономикаға көшу, экономика салаларын диверцификациялау арқылы шикізатқа бағытталған тұрақты дамуға қол жеткізу - ортақ міндет. Осы жауапты әрі күрделі қадамдар Қазақстанның 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясының аясында жасалуы тиіс. Тұғырнаманың келесі көздегені - өңдеу өнеркәсібінің тиімділігін арттыру, кәсіпкерлік климат құру және жеке секторды ынталандыру, әлемдік сапа стандарттарына көшу арқылы отандық кәсіпорындар мен ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Оның үстіне Кедендік одаққа мүшелікке енген Қазақстан үшін ел аумағында өндірілетін және сырттан келетін өнім атаулының халықаралық сапа стандарттарына сәйкес болуы - ең негізгі шарттың бірі. Сараптау және сертификаттау орталықтары мамандарының нағыз сыналар тұсы да осы кез. Одаққа енген үштік үшін ортақ тариф, ортақ сапа және ортақ сертификаттың тек қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де шынайы қолданысқа енуі - кезек күттірмейтін іс.

ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы үш бірдей (Виктор Киянский - Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитет, Қабиболла Жақыпов - Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет, Шавхат Өтемісов - Экономикалық реформа және өңірлік даму жөніндегі комитет) комитеттің мүшелері кездесу барысында айтылған ұсыныс-ескертпелерді ескерусіз қалдырмай, барлық мәселелер бойынша барынша шұғылданатындарын жеткізді.

Өңірде жүрген Елбасы Жолдауын түсіндіру-насихаттау тобының мүшелері Сенат депутаттары Ерболат Мұқаев пен Рашит Ахметов Зеленов және Теректі аудандарында болып, Жолдауға байланысты елмен жүздесіп қайтты.

- Әлемді шарлаған қаржылық дағдарыс біздің ауылдарымызды сырт айналып өткендей. Халықтың еңсесі биік, ертеңге зор сеніммен қарайды. Ауыл-аймақтың жаңаша түрленуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлкен себепкер болған «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының биыл да өз жалғасын табуы, жаңа индустриялық-инновациялық бағдарламаның қолға алынуы қарапайым халықты серпілтіп тастағаны көрініп тұр. Кәсіпкерлікті қолдау, Кедендік одақ жағдайында жергілікті өнім өндірушілерге жеңілдіктер туғызу, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі, жолға қатысты түйткілдер, Жайық өзені, Қараөзен мен Сарыөзен, каналдар желісін жандандыру сияқты көптеген өзекті мәселелер көтерілді. Астанаға оралған соң осы маңызды мәселелер бойынша депутаттық сауалдар мен ұсыныстар жасаймыз, - дейді сенаторлар.