Сенаторлар «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды
АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында сенаторлар Қазақстан Республикасының Мәжілісі мақұлдаған «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң жобасына бірқатар түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыс барысында аталмыш заң жобасына байланысты баяндама жасаған Жоғарғы сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары Бақтияр Өнербаевтың айтуынша, аталған құжатты дайындаудағы себеп осы мәселеге байланысты қолданыстағы заңның олқылықтарын жойып, жеке сот орындаушылары институтын енгізумен байланысты болып отыр. «Жеке сот орындаушылар институтын енгізуді 2005 жылы өткен судьялардың 4-ші съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген. Осыдан кейін, Балтық жағалауы мемлекеттері мен бірқатар Еуропа елдерінің тәжірибелері зерттеле келе, өзімізге қажетті жеке сот орындау институтының үлгісі жасалды», деді Б.Өнербаев.
Егер құжат күшіне енсе, еліміздің азаматтары қандай сот орындаушылардың қызметін қалайтындықтарын өздері таңдайды. Мұндай жағдай сот орындаушылары арасында жақсы бәсекелестік қалыптастырып, олардың жұмыстарын барынша ширата түседі. Сонымен қатар, атқару өндірісінің де сапасын арттырады. «Бір айта кетер жайт, жеке сот орындаушысына өте жоғары деңгейде талаптар қойылады. Яғни олар біліктілігі бойынша түрлі сынақтардан өтіп отыруы тиіс. Жеке сот орындаушысы өз қызметіне кіріскеннен кейін оның жеке кеңсесі және банкте депозиттік шоты, жеке мөрі болуы тиіс», деді комитет төрағасының орынбасары.
Оның мәліметтеріне қарағанда, жеке сот орындаушысы жұмыс істейтін елдерде сот орындаушысы жылына 5 мыңға дейін атқару құжатын орындайды. Кейбір мемлекеттерде бұл көрсеткіш одан да көп. Ал Қазақстандағы сот орындаушысы осы күнде жылына небәрі 300-400 атқару құжатын орындайды.
Заң жобасын қарау барысында оған сот орындаушысының және мемлекеттік органның және лауазым иесінің әрекеті мен әрекетсіздігіне қатысты және сот орындаушысының тағлымдамадан өту мәселесіне, сондай-ақ осы тектес өзге де бірқатар жайттарға байланысты өзгерістер енгізу қажет болған.