Сенатта еліміздегі әкімшілік әділеттің қалыптасуы тақырыбында халықаралық конференция өтуде

әуірдің 12-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік әділеттің қалыптасу мәселесі» атты тақырыпқа халықаралық конференция өтуде.

Сенатта еліміздегі әкімшілік әділеттің қалыптасуы тақырыбында халықаралық конференция өтуде

Екі күнге жалғасатын алқалы жиынға Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес Төрағасы, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Жоғарғы Сотының өкілдері және басқа да мемлекеттік орган қызметкерлері қатысуда. Басқосудың қонағы Бремен университетінің (Германия) профессоры, құқық докторы Книпер Рольф, ЕҚЫҰ өкілдері және тағы басқалар болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жиынды өткізудегі негізгі мақсат Қазақстан Республикасында әкімшілік әділетінің қалыптасуына қатысты проблемаларды, өзекті мәселерді талқылау болып табылады. Нарықтық қатынастардың дамуымен бірге еліміздің заңнамалық базасы да жетіле түсуде, бұл ретте ең алдымен сот құрылысы және сот өндірісі туралы заңнамалар өзгерістерге ұшырады. Әлі де осыған байланысты мәселелер жеткілікті. Сондықтан да, әкімшілік сот өндірісі құқығы саласын регламенттеуге қатысты Парламентке ұсынылған заң жобаларында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Әкімшілік процессуальдық кодекске өзгерістер енгізу қарастырылған. Осыған орай, бұл бағыттағы ережелерді талқылап, олқылықтарды анықтау мен оны жою жөніндегі ұсынымдар әзірлеу біздің бүгінгі басқосуда көтерілетін әңгіменің негізгі арқауы болмақ», деді ҚР Парламенті Сенаты Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Имашев.

Жиын барысында халықаралық конференцияға қатысушылар тарапынан ұсынымдар әзірлеу үшін ұйымдастыру комитеті құрылды.

Екі күнге жалғасатын жиын барысында әкімшілік іс жүргізудегі әкімшілік әділеттілік проблемалары, аталған саладағы адам құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктері тақырыптарында баяндамалар жасалып, әкімшілік әділеттің шетелдерде қолдану тәжірибесі талқыланатын болады.