Сенатта еліміздегі суармалы жерлерді тиімді пайдалану жолдары талқылануда
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқосуға арқау болған мәселе Мемлекет басшысының Жолдауындағы талаптарға тікелей байланысты болып табылады. Онда еліміздің агроөнеркәсіп кешенін серпінді дамытуға ерекше көңіл бөлінген болатын. Бұл ретте Елбасы 2014 жылға қарай агроөнеркісіп кешенінің өнімділігін екі есеге арттыру, азық-түлік тауарлары ішкі нарығындағы отандық тамақ өнімдерінің үлесін 80 пайыздан асыру, сондай-ақ 2015 жылға қарай аграрлық саланың ұлттық әлеуетін 4 пайыздан 20 пайызға дейін ұлғайту секілді нақты міндеттер жүктеген еді. Бұндай міндеттерді аграрлық индустриялық әртараптандыру, яғни ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді шұғыл арттыру, жаңа құрал жабдықтар, жаңа технологиялар мен ауыл шаруашлығында жаңа көзқарас қалыптастыру арқылы орындау қажеттігі де атап көрсетілген. Сондықтан да, Президенттің агроөнеркәсіп кешені алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты болып табылады.
«Соңғы бес-алты жыл көлемінде еліміздегі суармалы жерлердің күрт азайып кеткеніне Парламент депутаттарының көпшілігі алаңдаушылық білдіріп, осы бағытта сан түрлі мәселелер көтеріп келеді. Сондай талаптарды ескере отырып, біз осы тақырыпты дөңгелек үстел жұмысына арқау етуді жөн санадық. Басқосудың басты мақсаты суармалы жерлердің тиімділігін арттырудағы өзекті мәселелерді, оны шешудің жолдарын заңнамалық қамтамасыз ету шараларын талқылап, тиісті ұсыныстар қабылдау болып отыр. Сонымен бірге, біз осы мәселе төңірегінде алдағы уақытта атқарылатын шараларға бағыт-бағдар беруге, нақты жолдарды айқындауға тиіспіз», деді жиынға жетекшілік еткен Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Болат Жылқышиев.
Жалпы, жиынның суармалы жерлерді тиімді пайдалану арқылы еліміздегі азық-түлік молшылығын қалыптастыру бағытындағы аса маңызды бағыттарды айқындауға қосары зор болып отыр.