Сенатта Қазақстандағы етті мал шаруашылығын дамытудың онжылдық тұжырымдамасы талқыланды

аусымның 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің депутаттары «Мал өнімдері» корпорациясының басшыларымен кездесті.
None
None

Онда 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстандағы етті мал шаруашылығын дамыту тұжырымдамасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аталған тұжырымдаманың басты мақсаты еліміздегі етті мал шаруашылығының тиімділігін, саладағы еңбек өнімділігін арттыру, жергілікті асыл тұқымды малдарды дамыту болып табылады. Бұл ретте 2020 жылға қарай еліміздегі сиыр етін өндіруді 795 мың тоннаға дейін жеткізу шараларын жүзеге асыру көзделіп отыр. Сонымен бірге, тұжырымдама аясында етті мал шаруашылығын дамыту үшін әлемдік тәжірибелер, инновациялар енгізу, бизнесті, инвестицияны осы салаға тарту шаралары қарастырылады», - деді «Мал өнімдері» корпорациясының басшысы Александр Селюлев.

Оның айтуынша, тұжырымдама аясында бірқатар міндеттерді жүзеге асыру бағдарланып отыр. Атап айтқанда, етті мал шаруашылығына мемлекеттік қолдауларды арттыру, сиыр етінің экспорттық әлеуетін көтеру, жергілікті жерлерде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға басымдықтар беріліп, мемлекеттік қолдаулар ұсынылады.

«Бүгінгі күнгі жағдайды сараптай келсек, еліміздегі шаруашылықтың барлық санаттары бойынша ірі қара мал санының айтарлықтай өсімі байқалмайды. Мәселен, 2009 жылғы ірі қара малдың жалпы саны 6 млн. 117 мың басты құрады. Бұл Қазақстандағы ірі қара мал санының 1962 жылғы деңгейі. Шынымен де, мал шаруашылығын сапалы түрде дамыту қарқыны соңғы жылдары шабандап қалған. Осы бағыттағы сараптаулардың өзі етті мал шаруашылығындағы бірқатар бағыттардың мемлекет қолдауына аса зәру екендігін көрсетті», деді Басқарма басшысы.

Соңғы жаңалықтар