Сенатта Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге дайындығы жөнінде Үкіметтік сағат өтуде
АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге дайындық барысы және «ЕҚЫҰ үштігі» құрамында жұмыстың басталуы туралы» тақырыбында Үкіметтік сағат өтуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халықаралық дәрежедегі мұндай беделді ұйымның «үштігі» құрамындағы жұмыстың басталғаны белгілі. Қазақстан мемлекетінің мұндай беделді халықаралық ұйымға төрағалыққа сайлануы тек біз үшін ғана емес, бүкіл Еуропа елдері үшін де үлкен жаңалық. Алғаш рет бүкіл Еуропа назары Орталық Азияға ауып, жаңа көзқарас қалыптасып келе жатыр. Қазақстан төрағалық лауазымындағы бір жыл мерзім ішінде осындай халықаралық мәртебелі ұйым жұмысын жандандыруға, ықпалын күшейтуге әркет жасап отыр», деді жиынды ашып, сөз сөйлеген Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов.
Үкімет сағаты барысында ҚР Сыртқы істер министрі Марат Тәжин баяндама жасады. «Бірегей ұлттық жоба деп танылған Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылы төрағалық етуі еліміздің жоғары заң шығару органы мүшелері мен төрағалыққа дайындықтың негізгі бағыттары туралы пікір алмасу уақытылы әрі қажетті шара деп білемін. Елбасы бастамасымен іске асқан алдағы төрағалық бұл бүкіл Қазақстан халқының жетістігі әрі еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуын алға жылжыту туралы мәселе бойынша қоғамда қалыптасқан ортақ пәтуаның көрінісі», деді сыртқы істер министрі М. Тәжин.
Үкімет сағаты жабық жағдайда өтіп жатыр.