Сенбілік жұмыстары жалғасуда
АҚТАУ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Облыс көлемінде 20-шы наурыз бен 20-шы мамыр аралығында өтіп жатқан екі айлық тазалық шаралары аясында сенбілік жұмыстары жалғасуда.
Өткен сенбіде Мұнайлы ауданындағы сенбілікке коммуналдық мекемелер, денсаулық сақтау ұйымдары, 20/25 әскери бөлімі, мектеп оқушылары және теміржол кәсіпорындарының қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Бұл жолғы сенбілікте ауданның елді мекендері аралығындағы көлік жолдарының бойы және елді мекендердің көшелері, Маңғыстау ауылындағы «Жеңіс» саябағы күл-қоқыстан тазартылды. Теміржол мекемелерінен бұл жолы 318 қызметкер мен 13 арнайы техника жұмылдырылды.
Маңғыстау ауылы аумағына тазарту жұмыстарын жүргізу үшін мектептердің 196 оқушысы және мемлекеттік мекемелерден 154 адам қатысты. Тазарту аумақтарындағы жұмысқа 3 автокөлік, 1 тиегіш тартылды. Жұмыс барысында бөлінген аумақтағы орынсыз қазылған ой-шұқырлар тегістелді. Тазартылған аумақтан техниканың күшімен 300 текше метр қоқыс шығарылды.