Серб инвесторларына Қазақстандағы басым салалар ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Сербия агроөнеркәсіп, машина жасау, IT, логистика, «жасыл» энергетика және фармацевтика салаларында ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр. Бұл туралы Қазақстан–Сербия Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Іскерлік кеңес екі ел кәсіпкерлері арасындағы тұрақты әрі институционалдық тұрғыдан орнықты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
— Қазірдің өзінде ынтымақтастықтың нақты негізі қалыптасты: Қазақстан Сербияға металдар, астық, мұнай-химия өнімдері, минералды тыңайтқыштар мен азық-түлік экспорттайды. Ал Сербиядан машина жасау өнімдері, дәрі-дәрмек, азық-түлік тауарлары және технологиялық шешімдер импортталады, — деді Арман Шаққалиев.
Министр басым бағыттарды атады:
• Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі (қайта өңдеу, бірлескен өндірістер, үшінші нарықтарға шығу)
• Машина жасау және компоненттер өндірісі
• Цифрландыру, IT-шешімдер және стартап-экожүйе
• Көлік-логистика инфрақұрылымы және мультимодальды дәліздер
• Жасыл технологиялар, жаңартылатын энергетика және энергия тиімділігі
• Фармацевтика және медицина өнеркәсібі
— Қазақстан сербиялық инвесторларға ашық. Біз қолайлы жағдай ұсынып, ашық әрі түсінікті жұмыс ережелерін, институционалдық қолдау мен бірлескен жобаларды іске асыруға кең мүмкіндіктер беруге дайынбыз, — деді министр.
Еске салсақ, Сербия Президенті Александр Вучич Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 26–27 ақпанда Қазақстанға ресми сапармен келеді.