Сербия президенті Вучич келесі сайлауда кандидатурасын ұсынбайды
АСТАНА. KAZINFORM — Сербия президенті Александр Вучич алдағы президенттік сайлауға қатыспайтынын және елдің Конституциясын өзгертуді жоспарламайтынын мәлімдеді, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Бұл туралы ол Аустрияның федералды канцлері Кристиан Штокермен кездесу қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында айтты.
— Мен енді қайтадан кандидат бола алмаймын және Конституцияны өзгертуді ойламаймын, — деді Вучич.
Сондай-ақ ол елде мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтуі мүмкін екенін жоққа шығармады.
Бұдан бөлек Вучич өзінің президенттік қызметін шамамен бір жарым жылдан кейін аяқтайтынын атап өтті.
Еске сала кетейік, 29 маусымға қараған түні Белградтағы әкімшілік ғимараты алдында 30 мыңнан астам оппозиция жақтастары мен студенттердің қатысуымен жаппай наразылық акциясы өтті. Сербия президенті Александр Вучич тәртіпсіздіктерге байланысты елдегі жағдайды түсіндірді.