Сербия президенті Вучич сайлау күнін 10 күн ішінде жариялайды
АСТАНА. KAZINFORM – Сербияда сайлау өткізу мерзімі алдағы 10 күн ішінде анықталады. Бұл туралы ел президенті Александар Вучич Informer телеарнасының эфирінде мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
– Қалай болғанда да шешім шамамен он күн ішінде қабылданады. Сайлау туралы айтқанда, ешқандай айла-шарғы жоқ. Мұнда халық, адамдар өз болашағын қалай көретінін және оны кімге сеніп тапсыратынын өзі шешеді. Меніңше, сайлау – өте маңызды дүние. Әрдайым айтып жүргенімдей, мемлекет ойыншық емес, сол сияқты сайлау да аса маңызды, – деді Вучич.
Сербия басшысы азаматтар өз болашағын таңдағанда ел мүддесін «ең жақсы қорғайтын және сақтайтын» күштерді қолдауы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жеке өзінің немесе басқа да билік өкілдерінің саяси тағдыры емес, миллиондаған адамның болашағы туралы мәселе.
Президент өткен кезеңде көптеген жұмыстар атқарылғанын, ал экономикалық цикл ерекше нақты нәтижелер көрсеткенін айтты. Алайда әлемдегі жағдайдың өзгеруіне байланысты бірқатар процестерді өзгертіп, жеделдету қажеттігін жеткізді.
Бұған дейін сербиялық көшбасшы кезектен тыс парламенттік сайлау екі айдан кейін немесе жарты жылдан соң өтуі мүмкін екенін жоққа шығармаған. Ал Сербия халық скупщинасының спикері Ана Брнабич биліктегі Серб прогрессивті партиясы алдағы парламенттік сайлауда Вучичті премьер-министрлікке кандидат ретінде ұсынатынын мәлімдеген.
Еске сала кетсек, былтыр Сербияда мерзімінен бұрын парламенттік сайлау 2026 жылы өтетінін хабарладық.