Сербиялық Mambikom agrar компаниясы Қазақстанда мұздатылған өнімдер шығаратын зауыт ашуға ниетті
АСТАНА. KAZINFORM — Сербиялық Mambikom agrar компаниясы Қазақстанда мұздатылған өнімдер шығаратын зауыт ашуға ниетті. Бұл туралы Ақордада Сербия Президенті Александр Вучичпен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Қазақстан мен Сербияның қорғаныс өнеркәсібі секторындағы ықпалдастығы қарқынды дамып келе жатыр. Келіссөз барысында жасанды интеллектіні және заманауи цифрлық технологияны жаппай енгізу стратегиялық тұрғыда маңызды екенін атап өттік. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық, — деді Мемлекет басшысы.
Президент екі елдің ауыл шаруашылығы саласында да зор мүмкіндіктер бар екенін баса айтты.
— Біз аргоөнеркәсіп кешеніндегі әріптестікті жандандыруға мүдделі екенімізді білдірдік. Соның ішінде өсімдік, тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтамыз деп келістік. Сербиялық Mambikom agrar компаниясы Қазақстанда мұздатылған өнімдер шығаратын зауыт ашуға ниет танытып отыр. Бұл қадам аграрлық сектордағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз. Сондай-ақ біз мәдени-гуманитарлық, білім беру және туризм саласындағы қарым-қатынасты дамытуға уағдаластық. Келесі жылы Белградта ЭКСПО көрмесі өтеді. Достас Сербияның осы ауқымды іс-шараны табысты өткізуіне тілектеспіз. Қазақстан ЭКСПО-2027 Белград көрмесіне қатысып, өз тәжірибесін бөлісуге дайын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстанның ең жоғары наградасы «Алтын қыран» орденімен марапатталғанын жазған едік.