«Сергек» жол-көлік оқиғаларын 16% төмендетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Сергек» жүйесін пайдалану арқылы жол-көлік оқиғалары 16  пайызға төмендетілді. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына арналған Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сергек» жол-көлік оқиғаларын 16% төмендетті

«McKinsey сарапшылары 2020 жылы әлемдегі смарт қалалардың саны 600-ге жетеді деген болжам жасады. Ал тағы 5 жыл өткенде ол шаһарларда Ішкі жалпы өнімнің 60 пайызы өндіріледі. Кейбір елдердің халықаралық тәжіребиесіне сүйене отырып, біз өзіміздің ақылды қалалар құрудың тұжырымдамасын жасадық. Бұл бойынша 5 негізгі бағыт белгіленді: Білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, көлік және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық», - деді ол. 

Министрдің айтуынша, қазіргі күні еліміздің барлық облыстарының және Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктері осы салалар бойынша жобаларды жүзеге асырып жатыр.   

«Мысалы, Астанада «Сергек» жүйесін пайдалану арқылы жол-көлік оқиғалары 16  пайызға төмендетілді.  Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы бойынша Алматыда қала көшелерін ақылды жарықтандыру жүйесі электр қуатын 40 пайызға үнемдеген. Еліміздің барлық аймағында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде баланы қабылдау үрдісі автоматтандырылған», - деді Дәурен Абаев.