Сергей Лавров: ЕҚЫҰ саммитінің өткізілуі - қазақстандық төрағалықтың үлкен жетістігі
АНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Бүгін Астанада Қазақстан үшін биылғы жылдың маңызды оқиғасы басталады - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті ашылады. 11 жылдық үзілістен кейін бас қосып отырған Ұйымға қатысушы елдердің басшылары диалог өткізуде. Баршаға мәлім, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығындағы бастамаларының дені оның аймақтағы
серіктестерінің тарапынан белсенді қолдауға ие болып келеді. Осындай ынтымақтастықтың арқасында, Ұйымның соңғы жылдары ұмыт болған негізгі жұмыс қағидалары қайта қаралып, 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актінде белгіленген тұжырымдарға оралу мүмкіндігі пайда болды. Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ЕҚЫҰ Саммитіне артып отырған үміті туралы әңгімелеп берді және Ұйымның қайта құрылуына қатысты өз елінің көзқарасымен бөлісті.
- Сергей Викторович, қазақстандық төрағалықтың қандай ерекше жетістіктерін айта алар едіңіз?
- Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығындағы сөзсіз және үлкен жетістігі сол, 11 жылдық үзілістен кейін Ұйымның кезекті Саммиті шақырылып отыр. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ Саммитін шақыру туралы бастамасын бірінші болып РФ Президенті Дмитрий Медведевтің қолдағаны баршаға аян. Және тағы бір айта кететін жайт, Саммит алғаш рет Еуропадан тысқары жерде өткелі отыр, бұл Ұйымға қатысушы азиялық және еуропалық елдердің арасындағы байланыстың маңыздылығын паш етеді. Қазақстан төрағалығының Қырғызстандағы қайғылы оқиғалар кезіндегі іс-қимылдарын да жеке айтып өту керек.
- Аймақтық проблемаларды шешуде ЕҚЫҰ тетіктері қаншалықты сәтті нәтиже көрсетіп жатыр?
- Аймақтық жанжалдарды реттеу мәселесі ЕҚЫҰ-ның тұрақты назарында және аталмыш салада едәуір арағайындық әрекеттер атқарылуда. Дейтұрғанмен, ЕҚЫҰ-ның бұл саладағы қызметінде олқылықтар болмай қойған жоқ. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ кеңістігінде мұндай түрлі түйінді ахуалдарға деген көзқарас талғамалы, яғни кейбіреулеріне екпін жасалса, енді бір проблемаларға қатысты тіпті үн қатылмайды. Әрең дегенде қол жеткізілген мәмілелер, саяси конъюнктураның пайдасы үшін абайсыз жасалған әрекеттердің нәтижесінде, күл-талқан болған және реттеу процесі кейінге ысырылған сәттер, өкінішке қарай, аз болған жоқ.
- ЕҚЫҰ Саммитінен не күтесіз?
-Астана Саммитіне әзірліктің барысында Вена құжатын қайта жаңарту туралы келісімге ортақ талпыныс жасалғанын айта кету керек. Оған қоса, Еуропадағы қарапайым қару-жарақтарды бақылау мәселесіндегі тығырықтан шығудың ортақ жолдарын келісуге деген талпыныс бар.
Осыған байланысты Саммитке қатысушылардың алдынан «көптеген мүмкіндіктердің есігі» ашылып отыр. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ аясында жоғары деңгейдегі саяси диалог мәдениетін жандандыру, ЕҚЫҰ кеңістігінде ортақ және бөлінбес қауіпсіздік қоғамдастығын құрудың жолдарын анықтау, баршаға ортақ ығыттарға үнқату ісіндегі өзара іс-қимылдардың жаңа сапалық деңгейіне көтерілу сияқты мүмкіндіктер туып отыр.
- ЕҚЫҰ-ның келешегі қандай?
- Ресей тарапының көсқарасынша, ЕҚЫҰ-ның жұмыс тиімділігін арттыру үшін ең алдымен, оны толыққанды мемлекетаралық ұйымға айналдыру керек. Ал ол үшін Ұйым жұмысының айқын нормативтік базасын жасаған жөн. ЕҚЫҰ Жарғысын қабылдау, Ұйым қызметінің түрлі бағыттарын жалпыға ортақ қағидалардың негізінде реттеу шаралары осындай қадамдардың бірі бола алар еді.
Оған қоса, ЕҚЫҰ-ның лаңкестікке, есірткі трафигіне, адамдарды құлдыққа сатуға және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстардың басқа да түрлеріне қарсы әрекет ету жөніндегі халықаралық күш-жігерге қосатын үлесін де еселеген дұрыс болар еді. Астана Саммитінде көптеген түйінді мәселелер бойынша ел басшылары тарапынан қолдаулар болса, барлық проблемалар оң шешімін табар еді.
- Сұхбатыңызға рахмет!