Серік Сәпиев - AIBA рейтингінде бірінші орында тұр
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат - Ағымдағы аптада жарияланған AIBA (Әуесқой бокстың халықаралық федерациясы) рейтингі бойынша Серік Сәпиев 69 келі салмақ санатында бірінші орынға шықты.
Серік өткен жылдың қыркүйек айында өткен бокстан әлем чемпионатына дейінгі көшбасшылық орнын сақтап қала алды, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.
Түрлі салмақ санаттарындағы әлемнің үздік боксшыларының рейтингіне 23 қазақстандық кіріп отыр. Атап айтқанда, алғашқы ондыққа Жақыпов Біржан (48 келі салмақта), Артаев Бақтияр (75 келі), Шыналиев Еркебұлан (81 келі) және Мырсатаев Руслан (91 келіден жоғары салмақта) кірген.
Тағы бір айта кететін жайт, Бейжің Олимпиадасынан кейін спорттық мансабын тоқтатқанына қарамастан, Бақыт Сәрсекбаев жеңіп алған ұпай сандары бойынша әлі күнге дейін AIBA рейтингінде сақталған, ол 69 келіге дейінгі санатта 4-ші орында тұр.
Рейтинг спортшылардың Олимпиадалық ойындардағы, әлем чемпионаттарында, жастар арасындағы әлем чемпионаттарында, олимпиадалық біліктілік чемпионаттары мен Конфедерация кубогында жинаған ұпайларының саны бойынша жасалып отыр.