Серік Сәпиев пен Александр Винокуров балаларды мерекесімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының кішкентай тұрғындары үшін 1 маусым ерекше күн болды. Барлық қалалар мен аудандарда Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мереке болып өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.
None
None

Ал ең басты мерекелік шаралардың бірі Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Балалық шақ әлемінде» атты театрландырылған көрініс болды.

Облыс әкімі Бауыржан Әбдішев барлық жиналған балаларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

- Дүниеде баладан асыл, сәбидің күлкісінен қымбат қазына жоқ. Бала - біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізде дүниеге келген әрбір сәби - қазақстандық екенін, оларға мемлекеттің қамқорлық пейілі шексіз болатындығын және барлық ата-ана «Бар жақсылық - балаларға!» қағидасын ұстану қажеттігін ерекше атап өткен болатын, - деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде.

Қарағанды облысында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында аталған бағытта маңызды жобалар қолға алынуда. Заманауи мектептер, балабақшалар және әлеуметтік нысандар көптеп ашылуда. Мүгедек және жетім балаларды балабақшаға, мектептерге, колледждерге орналастыру бойынша да ауқымды шаралар жүргізілуде.

- Әрине, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Бауыржан Әбдішев Қарағандыда айтулы оқиға - велоспорттан Азия Чемпионаты өткізіліп жатқанын тілге тиек етті. Қазақстандық велошабандоздар жоғары жетістіктерге жетіп, алтын, күміс және қола медальдарды еншіледі.

- Балаларымыз спортпен шұғылдансын, елімізді әлемге танытатын велошабандоз атансын деген ниетпен барлық балалар үйіне 125 велосипед сыйлаймыз, - деді ол.

Мерейлі шара барысында Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев пен Александр Винокуров балаларды мерекесімен құттықтап, ақ жол тіледі.

Мереке барысында шалқыған әндер шырқалып, мың бұралған бишілер өнер көрсетті. Балалар ансамбльдері де өнерлерін ортаға салды. Спорттың ойын түрлері бойынша спортшы балалардың да өнерлері тамашаланды. Балақайларға қонаққа ертегі кейіпкерлері Бауырсақ, Алдар Көсе және Тазша балалар келді.

Соңғы жаңалықтар